Көп пәтерлі үйде есірткі зертханасын ұйымдастырған алматылық ұсталды

Алматыда көп пәтерлі үйде тағы бір есірткі зертханасы жұмыс істегені анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Оны 27 жастағы алматылық ұйымдастырған. Ол көрші үйден пәтер жалдап, синтетикалық есірткі өндірісін бастаған, дайын өнімді көтерме де, бөлшектеп те сатқаны анықталды.

«Арнайы шараны біздің бөлімнің қызметкерлері арнайы бөлім сарбаздарының және арнайы дайындалған қызметтік-іздестіру итімен кинологпен бірге өткізді. Ш. есімді азаматтың негізгі тұрғылықты жерінің жанында орналасқан жалдамалы пәтерінде рұқсат етілген тінту кезінде «мефедрон» синтетикалық есірткі заттарын өндіруге арналған компоненттер мен жабдықтар тәркіленді. Сот-химиялық сараптама тәркіленген заттардың психоактивті заттарға жататынын растады. Күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.