Алматы облысына 13,5 мың доза вакцина жеткізіледі

Алматы облысында эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, өңір «қызыл аймаққа» енді. Соңғы тәуліктің өзінде 220 адамнан COVID-19 індетінің белгілері анықталған.

Сөйтіп, сырқаттанғандардың өсім көрсеткіші 1,6 процентке өсті. Бүгінгі күнге облыстың 13600-ден астам тұрғынының коронавирусқа шалдыққаны расталған. Ауру жұқтыру жағдайлары Текелі, Талдықорған қалалары мен Көксу, Қаратал, Ескелді, Панфилов және Ақсу аудандарында жиілеген. Осыған байланысты  өңірде карантиндік талаптарды күшейту туралы қаулы қабылданған болатын. Онда жексенбі күндерге локдаун жарияланған. Қалыптасқан жағдайға байланысты енді тағы да қосышмша шектеулер енгізілмек.

Асхат Шарапиев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары:

- Індет өршіп тұрған аудандар Алматы қаласының маңындағы аудандар. Індет өршіп тұрғанына байланысты тағы бір қаулы қарастырудамыз. Ол жерде тағы да қатаңдату шаралары болжамдап зерделеп қарап жатырмыз.

Бүгін Алматы облысына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның бірінші компонентінің он мың данасы әкелінеді. Сонымен қатар екінші компонентінен үш жарым мыңы жеткізіледі. Екпе салу жұмыстары басталғалы өңірдегі 11 900-ге жуық адамның иммунитеті жасанды жолмен күшейтілген. Олардың сегіз жарым мыңнан астамы медицина саласының мамандары. Қалғандары мұғалімдер мен студенттер, мемлекеттік мекеме және күштік құрылымдардың қызметкерлері. Ал екінші компоненттің екпесі бес мыңға жуық тұрғынға салынды. Бұл жұмыстар облыстағы 30 емдеу мекемесінде жүргізіліп жатыр.