ДСМ Қазақстанда Кавасаки ауруының өршуі туралы хабарламаны жоққа шығарды

WhatsApp мессенджерінде өзін дәрігер деп таныстырған әйел Қазақстанда балалар арасында кавасаки ауруының өршуі тіркелгені туралы айтқан дыбыстық хабарлама таратылуда.

Оған денесі бөртіп кеткен нәрестелердің фотосуреттері тіркелген. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлады stopfake.kz.

Кавасаки тәрізді синдром немесе COVID-19 ауырған балалар арасындағы көп жүйелі қабыну синдромы жағдайлары елімізде тіркелгені рас. Алайда қазір бұл ауру өршіп тұрған жоқ.

«Көп жүйелі қабыну – бұл COVID-19 ауырған балаларда кездесетін кешіктірілген иммунологиялық көрініс. Синдром коронавирустық инфекциядан кейін 4-6 аптадан кейін дамиды. Қазір елімізде Кавасакиге ұқсас синдром ауруы өршіп тұрған жоқ, бірақ КВИ жұқтырғандар саны көбейсе, балаларда көп жүйелі қабыну болуы мүмкін. Сондықтан барлық эпидемияға қарсы шараларды сақтау қажет», – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Айта кетейік, Кавасаки мен Кавасакиге ұқсас синдром екі түрлі ауру. Кавасаки ауруы – кез келген инфекциядан кейін болуы ықтимал сирек кездесетін ауру. Оның белгілері – қызудың көтерілуі, тері бөртпесі, конъюнктивит, мойын аймағындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы, аяқ-қолдардың ісінуі.

COVID-19 байланысты Кавасакиге ұқсас синдром – бұл індеттен кейінгі кешіктірілген иммунологиялық реакция. Ол балаларда ғана емес, ересектерде де болады.
Бүгінде COVID-19 кейінгі Кавасакиге ұқсас синдромының дамуы әлем бойынша сирек кездеседі. Көп жағдайда бұл ауруға шалдыққан балалар жеңіл емделеді. Қорыта айтқанда Қазақстанда Кавасаки ауруының өршіп тұрғаны туралы хабарламалар асыра сілтеушілік болып табылады. Елімізде ауру ошағы тіркелмеген.