Оралда тоғыз қабатты үйдің тұрғындары 10 күннен бері жылусыз отыр

Оралда тоғыз қабатты үй тұрғындары он күн бойы жылусыз отыр. Үйдің жертөлесіндегі жылу жүйесінде ақау шығып, құбыр жарылған. Тұрғындар жертөледегі суды сорып алуға өздері қаражат жинапты. Ал жылыту жүйесін толық жөндеуге қыруар қаржы қажет екен. Тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің мамандары бұл үй еш жерде есепте жоқ, сондықтан мәселені оң шешу үшін тұрғындар жаңғырту бағдарламасына қатысуы тиіс дейді.

Аталған үй отбасылық жатақхана саналады.

«Өзекті мәселемізді айтып барлық жерге шағымдандық. Бірақ ешқайсынан қайран болмай тұр», - дейді ашынған тұрғындар.

Тимур Құлбеков, үй тұрғыны:

- 82 жылдан бері тұрамын, мұнда бәрі квартирант жалдап қойып, ешкім көмектескісі келмейді. Мұнда бізде хозяйн жоқ, КСК жоқ, кез келгені ақшаны жинап алып пайдаланып кетеді. Су толып кетіп жатыр, свет қайта-қайта айырылып қалып тұр. Жас балдар бар, қиындау болып тұр. Бес жүзден, мыңнан жинады, бірақ көбі бермейді, 120 адам тұрады. Свет бар, су бар тек жылу болмай тұр.

Дархан Еркінұлы, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Бұл мәселенің себебі ішкі жылыту жүйесінің толықтай талап ететіндігі. Жыл сайын жылыту маусымы басталғанға дейін бөлім тарапынан және «Жайықжылуқуат» мамандары тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Яғни желілерді ауыстыру, опрессовка, ішкі желілердегі тазалау жұмыстарын жүргізу. Алайда аталған үй бойынша жұмыстар жүргізілген жоқ.  

Айта кету керек, Оралда қазір апатты жағдайда деп танылған осындай оннан астам тұрғын үй бар. Олардың жағдайы алдағы уақытта да тілшілеріміздің назарында болады.