431,11 519.25 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі әрбір жетінші тұтынушы алаяқ пәтер жөндеушілерге ұрынады

  • 93
  • UPD: 21:45, 01.04.2021

Еліміздегі әрбір жетінші тұтынушы алаяқ пәтер жөндеушілерге ұрынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тірнектеп жинаған қаржысын қайдағы біреуге беріп, опық жегендер қаншама?! Жауапты әрі сенімді кәсіпкерлерді қайдан табуға болады? Әлеуметтік желідегі жарнамаларға сенуге бола ма?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Евгения Дюсенбаева 2019 жылы пәтеріне жөндеу жүргізді. Бөлмелер арасындағы қалқаны әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған кәсіпкерге сеніп тапсырған. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Келісімшарт жасалған. Алғашқы жарна төленді. Қызмет ұсынушы жайлы өзгелер жазған жақсы пікірлер де бар. Тек, қалқа жоқ. Шартқа сай мерзімнің созылып кетуі де Евгенияны алаңдатқан.

Евгения Дюсенбаева, қала тұрғыны:

- Бірден құзырлы органға арыз жаздым. Сөйтсем, мен жалғыз емес екенмін. Тағы 30 адам алаяқтардың тұзағына түсіпті. Өкінішке қарай, Алматы, Байқоңыр аудандық ішкі істер бөлімдерінде ашылған ісіміз қайта-қайта жабылып келеді. Прокурорлар істі азаматтық-құқықтық деп бағалап, қылмыстық іс қозғауымыз үшін келісімшарттың кей бөлімдерін жоққа шығаруға кеңес берді. Ал біздің млн-даған ақшамыз қайда қалды? Ол шарттың күшін жою үшін енді заңгерлерге ақша төлеуіміз қажет екен.

Яғни, мәселе түбірі тереңде. Азаматтық-құқықтық істің жай-жапсарын тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнан білген жөн. Бірақ қарапайым халық оны ескере бермейді.

Светлана Романовская, Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті:

- Алаяқтарға ұрынып қалу өте оңай. Біреудің ұсынысына не жарнамаларға көзсіз сенетін тұтынушы көп. Кейбір кәсіпкерлер келісілгендей емес, арзанқол материалдарды пайдаланып не дәті барып ұрлаудан тайынбайды. Салдарынан сапа ақсайды ғой. Шағымның дені осы мәнде болып жатады. Мойнына алған міндетін мүлде орындамайтындар халықтың сауатсыздығын пайдаланады. Өйткені кәсіпкермен келісімшарт жасасуды көпшіліктің ойына да келмейді. Міне, сол шартта жөндеуге пайдаланылатын заттар тізіліп жазылса, жағдай ушықпас еді.

Былтырғы карантинде пәтеріне жөндеу жасайтындар көбейген. Ұтымды сәтті қалт жібермейтін алаяқтар да құр жатпаған сыңайлы. Осы кезеңде лигаға 7000-нан шағым түсіпті.

Светлана Романовская, Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті:

- Мұндай жағдайда айыппұл өндіріп алу қарастырылады. Оған қоса, тұтынушы жөндеушілерге разы болмаса, келісімшартты бұзуға құқылы. Бұл үшін де өндіріп алынатын айып ақы бар. Тұтынушы құқығын қорғау туралы заңда бәрі көрсетілген. Біз келісімшарт жасаспас бұрын тұтынушылар құқығын қорғау қоғамына жүгінуді ұсынамыз. Құжаттың заңға сай екенін біліп алған соң, ақшаңыз да, уақытыңыз да үнемделеді.

Евгения Дюсенбаеваның жан-айқайынан кейін, бас көтергендер көп.

Евгения Дюсенбаева, қала тұрғыны:

- Жалғыз өзім жүріп ештеңені реттей алмаймын. Бұл қалыптасып қалған жүйені қоғам болып бұзуымыз керек. Тек жөндеушілер ғана емес, жиһаз өндірушілермен де осындай мәселе бар. Елімізде алаяқтықты дәлелдеу мүмкін емес. Олар да мұны біліп алған. Сөйтіп, тірлігін жалғастырып жатыр. Оның үстіне мен байланысқан кәсіпкерлер Қазақстан азаматтары емес. Былай қарағанда, мен өз тәжірибемді қыруар ақшаға сатып алдым. Басқалар да осылай ұрынып жүр. Обал.

Бір қызығы, жапа шегушілердің өзі істі сотқа жеткізбеуге тырысады. Қатесін түсінген кәсіпкер айыбын жуар деп ойлар бәлкім. Ол енді екіталай ғой. Дұрысы, сенімді мамандармен жұмыс істеу.

Ерлан Есімсейітов, Мамандарды іріктеу қызметінің жетекшісі:

- Ең алдымен сізге қызмет көрсететін маманның құжатын сұраңыз. Одан кейін «Қамқор.кз» сайты арқылы ол адамның құқық бұзған-бұзбағаны, сотты болғаны, тұтынушылармен келіспеушіліктің бар-жоғын анықтап аласыз. Сенуге боларлық деп түйсеңіз ғана, келісімшарт жасасу керек. Дос-жараныңыз ұсынған мамандарға да иек артуға болмайды. Себебі, баяғы бригада тарап кетуі мүмкін ғой.

Ұлттық тұтынушылар лигасындағы әрбір жетінші шағым құрылысшылар мен жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтын азаматтардан келеді. Түйткілін әлеуметтік желілерде де көтеріп жүргендер қаншама. Олар құлқына құрық бойламайтын алаяқтармен күресті күшейтуді сұрайды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы