280 қазақстандық ТМД елдерінде шартты түрде жазаға тартылған

Зергерлерлік бұйымдарды экспорттау жеңілдейді. Сенаторлар бүгін осыған қатысты заңды қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжатқа сәйкес бағалы металдар мен тастардан жасалған бұйымға сынамалар орнатудың күші жойылды.

Отандық зергерлерге керемет мүмкіндік ашылды. Бұрын олар өз тауарын көрші елдерге шығару үшін көптеген кедергіге тап болатын. Әсіресе, қайта-қайта сынамасын тексертеді. Құжатбастылыққа қатысты мәселе тағы бір. Ал, енді қазақстандық тестіден өткен тауарларды экономикалық одақ елдеріне сынамасыз сата алады. Бүгін Сенатта осыған қатысты заң жобасы қабылданды. Бұған қоса, жаңа құжат отандық нарықты сапасыз зергерлік шикізат импортынан қорғайды әрі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге көмектеседі.

Жеңіс Нұрғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Келісім жобасын іске асыру отандық аффинаж өндірісін тиімді дамытуға, қосылған құны жоғары өнімдерді құруға, зергерлік бұйымдар шығаруды ұлғайтуға және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымын қамтамасыз етуге ықпал жасайды.

Сонымен қатар Сенат отырысында тағы бірқатар заң жобасын қабылдады. Оның бірі мемлекетаралық стандарттауды жетілдіруге бағытталған. Екіншісі сотталған азаматтардың көрші елдерде жүріп-тұруына қатысты. Яғни, егер адам ТМД елдерінің аумағында сотталған болса және жаза бас бостандығынан айырумен байланысты болмаса, онда ол өз Отанына орала алады. Сәйкесінше, жаза өз елінде орындалады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бүгін қабылданған заңдар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Еуразиялық экономикалақ одақ шеңберінде мемлекетаралық ынтамақтастықты одан әрі нығайтуға арналған. Олар азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды күшейтуге, ТМД деңгейінде мемлекетаралық стандарттау жүйесін тиімді пайдалануға, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде бағалы металдар мен қымбат тастар нарығын дамытуға мүмкіндіктер береді.

Айта кетерлігі, қазір 280 қазақстандық ТМД елдерінде шартты түрде жазаға тартылған. Құжатқа сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі жазаны тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Одан кейін Бас прокуратура сұрау салады. Жазасын өтеуші шешім қабылданғаннан кейін 45 күн ішінде өз еркімен шетелден шығуы тиіс.

Авторы: Аслан Қаженов