Ақтөбе облысының инфекциялық орталықтарында қосымша 420 төсек-орын жасақталды

Ақтөбе облысының инфекциялық орталықтарында cоңғы үш тәулікте қосымша 420 төсек орын жасақталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал алаңдарлық. Мәселен, ақпан айында күн сайын 4 адам стационарға жатқызылса, қазір 40-қа жуықтайды. Қазір өңірдегі 16 инфекциялық орталықта 388 науқас ем қабылдап жатыр. Қауіпті болып тұрғаны, вирус балалар арасында да тарай бастаған. Егер жағдай ушыға түссе, ем қабылдайтын орын саны 3600-ге дейін арттырылатын болады.

Бекболат Ізбасаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты біздер резервтік кереуеттерді іске қосамыз. Сонымен қатар кадрлар бойынша біз қосымша басқа емханалар мен ауруханалардан медициналық қызметкерлер тартылып және де біздің медициналық университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен резиденттерді жұмылдыратын боламыз бұл жұмысқа. Медициналық ұйымдарда екі айлық қор жасақталған болатын. Қазіргі кезде дәрі-дәрмектерден ешқандай мәселе жоқ.