Түркістан облысында тойға барып, дерт жұқтырғандар көбейді

Елде коронавирус қайта күшейіп барады. Бірақ халық бәрібір салғырт.

Түркістан облысында тойға барып, дерт жұқтырғандар көбейіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 192 той тоқтатылып, 1500-ден астам адамға айыппұл салынған. Бірақ нәтиже аз. Әсіресе, қыз ұзату, беташар және үйлену тойларының толастар түрі көрінбейді. Соның салдарынан соңғы екі аптада өңірде ауру жұқтырғандардың саны 45%-ке өскен. Кеше 8 адамнан коронавирус анықталды.

Бахтыораз Елемесов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Білесіздер, бізде Шымкент қаласымен қарым-қатынас жылдам іске асады. Сол себептен Алматы, Шымкент деп күтуге болмайды. Кез келген жағдайда біздің де эпидемиологиялық жағдайымыз асқынып кетуі мүмкін. Көпшілік іс-шараларды, тойларды, отбасылық мерекелерді тоқтату бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, тоқтайтын түрі жоқ. «Жасыл» аймақта орналастық деп еш босаңсуға болмайды. Қазір қатаңдату іс-шаралары жүргізіліп жатыр.