Қазақстандық ғалымдар коронавирустың жаңа штамдарын жүйелі зерттеуге кірісті

Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары біздің елге де жеткен коронавирустың британиялық және «оңтүстікафрикалық» штамдарын жүйелі зерттеуге кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге алғашқысының адамдарға бұрынғы вирустан әлдеқайда тез жұғатыны белгілі.

«Ал «оңтүстікафрикалық» штамм қазір тұрғындарға салынып жатқан «Спутник V» екпесінің әсерін едәуір төмендетеді», - дейді отандық мамандар. Жұқпалы дерттің жаңа түрінен қалай сақтанамыз?

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Коронавирус жылдам түрленеді. Әлем ғалымдары бұл індетті толық емдеудің жолын таппай жатқанда вирустың «британиялық», «оңтүстікафрикалық», тіпті «бразилиялық» штамдары пайда болды. Әрқайсысы адам ағзасына әртүрлі әсер етеді әрі өзіндік патогендік ерекшеліктері бар. Ғалымдарды тығырыққа тіреген де осы.

Ерлан Раманқұлов, «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК бас директоры:

- «Британиялық» штамның таралу жылдамдығы өте жоғары. Ал «оңтүстікафрикалық» штамның таралу жылдамдығы аса жоғары емес. Есесіне, екпе салдырған адамға жұғады. Егер тиімділігі 95% болатын вакцинаны 100 адамға салсаңыз, 5 адам вирусты қайта жұқтырады. Бірақ бұл нақты модерна екпесіне ғана қатысты. Енді коронавирустың «оңтүстікафрикалық» штамын алсаңыз, оны вакцина салдырған 5 емес, 20 адам жұқтыруы мүмкін. Бірақ мынаны ескеру керек. Кез келген вакцина воронавирус штамдарының жеңіл өтуіне ықпал етеді.

Қазақстандық ғалымдар «енді «британиялық» және «оңтүстікафрикалық» штамдардан қашып құтыла алмаймыз», дейді. Олар, әсіресе, елорда мен Алматыда көп тіркеліп жатыр. Сондықтан мамандар карантиндік шектеулер мен сақтық шараларын енгізбес бұрын жүйелі мониторинг жүргізудің маңызды екенін айтады. Әзірге сақтанудың екі жолы бар: екпе салдыру және әлеуметтік арақашықтықты сақтау. Ал коронавирустың жаңа түрлеріне қарсы вакцинаны әзірлеуге әлемнің ірі өндірушілері кірісіп кетті. Ұлттық биотехнология орталығының мамандары да тұрғындарды вирустан қорғаудың жолдарын іздеп жатыр.

Қасым Мұқанов, «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК бас директорының орынбасары:

- Наурыздан бастап зерттедік, елуден астам штамм зерттедік, 12 облыстан келген материалдан 12 «британдық» штамм таптық. Геномдық ерекшеліктермен сипатталады олар. Елімізге шетелдік азаматтар арқылы Қазақстанға тән емес штаммдар кездесе бастады. Сондықтан эпид қауіпсіздікті сақтау үшін мониторинг жасап, геномдық құрылымдарын тұрақты түрде зерттеп отыру керек.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Коронавирустың «британиялық» және «оңтүстікафрикалық» штамдары Мысыр мен БАӘ-нен келген жолаушылардан табылғаны белгілі. Енді туристік ұйымдардың бірі ұсынған мына мәліметке қараңыз. Наурыз айында Қазақстаннан шетелге 25 мың адам ұшса, соның 20 мыңы біз айтқан екі елге бағыт алған. Ал алдағы 3 күнде қос мемлекеттен елімізге 2 мыңнан астам адам ұшып келеді деп жоспарланған.