Қызылорда облысында эпидемиологтар жетіспеушілігі мәселесі шешімін тапты

Былтыр коронавирус өршіген кезде елде санитарлық дәрігерлер жетіспеді.

Эпидемиолог, вирусологтар барлық өңірде тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында Қызылорда облысы да бар. Жергілікті мамандар эпидемия кезеңінде техникалар, зертханалар мен диагностикалық құрылғылардың да жетіспегенін айтады. Қазір бұл түйіткіл қалай шешіліп жатыр?

2020 жылдың наурыз айы. Бұл күндерді Гүлжан Досанқызы еш ұмытпайды. 7 жылдық еңбек өтілі бар ол алғашқылардың бірі болып алғы шепте тер төкті. Аурушаңдық күрт өсіп, медицина мамандары оқшауланған жағдайда қызмет істеуге тура келді. «Отбасымен қауыша алмай қиналған кездер өте ауыр тиді», - дейді дәрігер.

Гүлжан Досанқызы, дәрігер-вирусолог:

- Емізулі омырауда 1 жастағы балам болды. Омырауымыз толып, оны сауып тастауға мәжбүр болдық. Қатты қиналдық. Ол омыраудағы бала жылайды. Оны бейнебайланыспен көрген кезде жүрегіміз ауырып, ол бізді көрген кезде одан сайын жылайды. Сол кездер мен үшін ұмытылмас кез болды.

Эпидемиологтар мен санитарлық дәрігерлер аптасына 7 тәулік көз ілмей жұмыс істеді. Олар блок-бекеттерде, әуежайлар мен індет шыққан үйлердің маңында күні-түні кезекшілікте болды.

Ерлан Ұзақбаев, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы:

- Эпидемиологиялық зерделеу кезінде халықтың түсінбей, үйлеріне кіргізбей және өздерінің ауру жұқтырған жерін жасырып, тойға барғандығын, шетелге барғандығын жасырғандығы өте көп орын алды. Бұл өз кезегінде эпидемиологиялық зерделеу жұмыстарына орасан зор қиыншылық туғызды.

Сәбит Пазылов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Өздеріңізге белгілі, басында ПЦР-анализдерін жасау шамалы проблема болды. Оны күткен жағдайлар болды. Бүгінгі күні ол проблемалар шешілді. Қазір біз аймағымыз бойынша күніне 1200-ге дейін анализ жасап жатырмыз. Лабораторияларға қосымша құрылғылар алынды. Соның есебінен 2 мыңға дейін анализ жасауға мүмкіншілігіміз бар.

Бір жыл ішінде облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Егер өткен жылдың наурыз айында өңірде ПТР-тестілерге арналған бір ғана зертхана болса, қазір олардың саны 9-ға жеткен.

Фарида Қалиева, Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының директоры:

- Биыл екі ламинарлық бокс, ДНК анықтауға арналған автоматты станция, амфлификатор, термостат және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы желісі бойынша COVID-19-ды дәл зерттеуге арналған мобильді зертханалық кешен сатып алынды.

Өңірде маман жетіспеушілігі мәселесі де шешімін тапты. Бүгінде аудандар мен облыс орталықтарындағы жүзге жуық медицина қызметкері қайта даярлаудан өткен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Канат Енсебаев, Айтмухамбет Байдулдаев