Өскеменде азық-түлік күннен күнге қымбаттап барады

Өскеменді қымбатшылық қысып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, азық-түлік, оның ішінде жұмыртқа мен көкөністің бағасы удай. Тұрғындардың көпшілігі қазір тұрақтандыру қоры тарапынан ашылған дүңгіршіктерді жағалайды. Ал облыс әкімдігі күннен күнге шарықтап бара жатқан бағаны ұстап тұру үшін тауар өндірушілермен келісімшарт жасай бастады. Осылайша, қазір күнбағыс майы әлеуметтік бағамен сатылып, жұмыртқаға шекті баға қойылды.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Гүлжамал Жұмаділова базардағы бағаны көріп, жағасын ұстап жүр. Етті де, жемісті де, көкөністі де сатып алу мүмкін емес деп налиды. Келген сайын әр сатушымен саудаласып, ақшасын үнемдеуге тырысады.

Гүлжамал Жұмаділова, зейнеткер:

- Жұмыртқа қымбат, жұмыртқа, май, күнбағыс майы, сары май қымбат. Солардың бәрі қымбат, енді ең негізгі біз жейтін нәрселер.

Шынымен де, күнбағыс майы шарықтап тұр. Бұрын оның 1 литрі 300-400 теңгенің шамасында болса, қазір 600-780 теңгеге бірақ жетті. Әсіресе, жұмыртқаның бағасы қатты өсті. Он данасы 400 теңгеден басталып, қыста 500-600 теңгеге көтерілді. Жалпы Өскеменге бұл өнім Алматы облысынан келеді. Қазақстан құс өсірушілер одағы өкілдерінің айтуынша, жұмыртқа бағасының өсуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, өткен жылы бұл салаға субсидия беру тоқтатылған. Екіншіден, жем бағасы екі есе артқан. Қалада көкөніс те күн сайын қымбаттап келеді. Сатушылар болса, «алған бағаға аздаған пайызымызды ғана қосып отырмыз», деп шырылайды.

Шолпан Смаилова, сатушы:

- Картоп бағасы 220 теңге боп жатыр, өйткені қор осы уақытта біте бастайды, жаңа картоп шыққанша бағасы ауысып тұрады. Тұрғындар ренжіп жатыр, әрине, біз айтамыз оптовканы қараңыздар, олар бағаны қалай қояды, біз де соған қарай 10% қоя саламыз.

Бағдат Рахимова, қала тұрғыны:

- Мына балаларға қымбатшылық қиын, қалада тұратын. Бір еңбекақымен тұрып жатыр, балаларын өсіріп жатыр, бәрі қымбат киім алайын десе тамаққа жетпейді, тамақ алайын десе, киімге жетпейді, бұл не деген сұмдық?!

Базар мен дүкендегі қымбатшылық қысқан соң тұрғындар тұрақтандыру қорының дүңгіршектеріне сабыла бастаған. Ол жердегі картоп, сәбіз, сарымсақ тез өтеді. Облыстық әкімдік өлкедегі ірі май зауытымен келісімшарт жасап, енді алғаш рет күнбағыс майын да әлеуметтік бағамен сатылатын өнімдер қатарына қосты. Литрі 600 теңгеден.

«Бұл зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар үшін тиімді болды, сондықтан сұраныс та жоғары», - дейді сатушы.

Дарья Аникина, сатушы:

- Май барлық жерде бірден қымбаттап кетті ғой, енді мінеки, біз оны арзандатылған бағамен сата бастадық. Тұрғындар бір-бірінен естіп, лезде талап әкетіп жатыр. Тіпті бір күнге бір қорап жетпей қалып, тағы тапсырыс беріп отырмыз.

Жұмыртқа бағасы бойынша да қаулы шығарылды. Оның құны тұрақтандыру қорында 370, ал жалпы қалада 405 теңгеден аспауы тиіс.

Ольга Григорьева, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

- Иә, баға қазір шектік көрсеткіштен асып кетті. Сондықтан әкімдік тарапынан жұмыртқаға байланысты шектік баға бекітіліп отыр. Енді I категориялы жұмыртқа 405 теңгеден аспауы тиіс.

Дегенмен, бұл қаулының қауқары қашанға дейін жетері белгісіз. «Өйткені қымбатшылықты тоқтату үшін бағаны сөреден емес, анау ауыл-аймақтан, өндірушілерден бастап бақылау керек», - дейді сарапшылар.

Алтынбек Мұхамедиев, сауда үйінің атқарушы директоры:

- Барлық өнімдер көлікпен тасымалданады, соған байланысты бензин де қымбат бағаның барлығы соған байланысты әкелуге, тасымалдауға, бірінші мен ойлаймын, төменнен бастау керек бағаны түсіру үшін. Тауар өнірушілерден бастап ауылдағы ауыл шаруашылығына көмек берілсе, содан бастап баға арзандауға көмек болар еді.

Жергілікті билік бір пайдасы бола ма деп қаладағы ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтетін орындарды да арттыратын болды. Өйткені ондағы баға да базардағыдан 10-15%-ке төмен болады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов