Оралдықтар шұрық-тесікке айналған жол сапасына наразы

Оралдықтар жолдың сапасына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, көктем туысымен асфальт біткен шұрық тесікке айналады. Ал мүлде жол салынбаған көшелермен қатынау тіптен қиын.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Жүргізушілердің көбісі дәл осындай пікірде. Көктем келсе, көшелердің жай-күйі айқын көрінеді. Кей жолдарда әрбір метр сайын шалшық жатады. Тұрғындар сапасыз құрылыс салдарынан жаңа асфальт та шашылып қалатын кездер болатынын айтады. Ал мүлде жөндеу көрмеген жолдардың жағдайы тіптен нашар.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Біз дәл қазір Громов көшесіндеміз. Жолдың сиқы мынау. Шұрық-тесік көшемен көлік арқылы қатынау қиямет-қайғы. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан көлік жиі сынады деп шағымданады тұрғындар.

Сисенбай Қажығалиев, қала тұрғыны:

- Қала бойынша жол өте нашар. Кіл шұңқыр. Машинаның сынуы да содан ғой. Мынау Айтиев көшесі нашар, Октябрский көшесі нашар, қазіргі Мұхит көшесі.

Махамбет Қадыров, қала тұрғыны:

- Жолдың жақсы жері жоқ. Қалай айтуға болады, ақша тек машинаға кетіп жатыр, шыны керек. Мынау арзан машина емес. Әне, анау келе жатыр астын соғып. Біздің жақта, Северо-восток жақта да сол. Судың асты шұңқыр.

Былтыр қалада жол құрылысы бағытында 30 жоба қолға алынған. Алайда олардың 13-і аяқсыз қалып, 2021 жылдың еншісіне қалдырылды. Биыл тағы 33 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Әзірге мемлекеттік сараптамадан жетеуі сәтті өтіпті. Сонымен қатар жолдарды жамауға бір мердігермен 3 жылдық келісімшарт жасалған.

Ербол Арыстанғалиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жалпы енді асфальт та тозады, мысалы, жасыратыны жоқ. 7 жыл, 10 жыл, 15 жыл өткен жолдар бәрібір өзінің қасиетін жоғалтады. Бірақ бізде жоспарда, мысалы, әр жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарымен ондай ойық-тесіктердің бәрін жамап бітеп отырамыз. Оған 900 млн теңгедей бөлініп отыр 3 жылға.

«Әзірге күн райы қолайсыз, сондықтан құрылыс жұмыстары 5 сәуірде басталады», - дейді мамандар. Қаладағы жолдардың жалпы ұзындығы 600 шақырымнан асады. Соның 30%-інде мүлде асфальт төселмеген. Ал келеңсіздікті түбегейлі шешу үшін 30 млрд теңгедей қажет екен. Шенеуніктер жол құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілетінін айтады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Боат Жарылғасов, Қанат Махмұтов