Баланың тілі неге қазақша шықпайды?

Баланың тілі неге қазақша емес немесе тілі кеш шығады? Бүгінде бұл әр қазақ отбасының трагедиясына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілі балдыр-батпақ ұрпақ өсіп келеді қазір. Мұның айқын себебі – смартфон. Ал қаламгерлер қауымы: «бүлдіршіндерге арналған кітаптардың аз болуы соған жеткізді», дейді. Шынымен солай ма?

Баланың көңілі гаджетте. Бұл жағдай күнделікті көрініске айналды. Күні-түні қолынан телефон түспейтін бүлдіршін кітап оқи ма? Үлкендер осыған алаң. Ол үшін алдымен кітап дүкендеріндегі балаларға арналған қазақ тілді басылымдарды көбейту керек. Бұл – жазушы Толымбек Әбдыраймның пікірі. Қаламгердің өзі де жас оқырмандарға арнап біраз шығарма жазды. «Алайда еңбектің мазмұны ғана емес, бағасы мен безендірілуіне көңіл бөлінсе», - дейді.

Толымбек Әбдірайым, балалар жазушысы:

- Мен жаңа ғана кітап дүкенінен шықтым, орыс, шетел әдебиеті толып тұр балаларға арналған. Қазақша кітап жоқ. Көрдіңіз бе? Ана Николай Носовтың, Эдуард Успенскийдің кітабын алыңыз әдемі. Балалар түгілі үлкендердің өзі қызығады. Ата-аналармен еріп барған бала бірінші анау сыртына қарайды, кітаптауар. Безендірілуін қарайды, содан кейін барып ішіне үңіледі. Сондықтан кәдімгі кәмпиттей әдемі болуы керек. Стандартты кіргізу керек.

Балалар әдебиеті десе, ойға бірден «Балдырған» журналы оралады. «Барлық бала алдырған, айналайын Балдырған» деп тақпақтата жөнелетін балақайлардың алды бүгінде бір әулеттің атасы. Жарты ғасырдан астам тарихы бар басылым оқырман талабына сай жаңарған. Десе де, түйіткілдер де жоқ емес. Бастауында Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев секілді қазақтың марқасқа жазушылары тұрған журнал 300-400 мың данамен шығатын. Қазіргі таралымы 10 мың ғана. Оның өзінде сұраушыға жеткізуде олқылық көп.

Дүйсен Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы:

- Журналды біз шығарамыз әр айдың 10-ына дейін. Сол журналды тиісті орындарға тапсырады. Тиісті орындар пойызбен болсын, ұшақпен болсын ауыл-ауылға таратады. Осы жерде біздің таралымның төмендеп кетуіне пошта жұмысының нашарлығы да кедергі жасап жатыр. Неге десеңіз, балдырғанның екінші саны Нұр-Сұлтан қаласына 20-25 күн дегенде әрең барып жетеді. Мына тұрған жер ғой, сол қалай енді? Ал сонда сіз сұрап отырған ауылдың баласы қалай алады?

Айына бір шығатын журналды дайындауға редакцияға 25 автор көмектеседі. Дені кейін таныла бастаған қыз-жігіттер. «Сондықтан елде балалар тақырыбына жазатын қаламгер аз деуге келмес», - дейді Дүйсен Мағлұмов. Басты мәселе – талапты жастарды қолдау мен ынталандыру жағы кемшін.

Дүйсен Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы:

- Қарағандыда Ернұр Сейдахмет деген жігіт бар. Қызылордада Қуат деген жігіт бар. Олжас Қасым деген жігіт елордада отыр. Балдырғанда қаламақы бар, бірақ көлемі көп төмен. Айтуға да ұят тіпті. Балдырғанның бір нөмірі 75 мың теңге. Оны 25 авторға бөлсе, есептей беріңіз, бір авторға қанша тиетінін.

Ананың тілі ана сүтімен беріледі дейміз. Алайда бұл тәмсілдің де мән-маңызы жоғалып барады. Себебі бүгінде баланың тілін ата-ана емес, смартфон қалыптастырып жатқан жайы бар. Соның салдарынан тілі шатпақ, ойы ұшқары ұрпақ көбейді. Мұны мамандар растап отыр.

Гүлмира Дүйсембекова, №3 Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің логопед маманы:

- Көбінесе смартфонды береді. Көбінесе орыс тіліндегі ойындарды, орысша мультфильмдерді көреді. Бұл баланың сөйлеу тіліне әсер етеді. 4-5 жастан асқан балалардың сөйлеу тілінің тежелуі кездеседі қазіргі таңда. Ата-аналар енді үйде баласымен қарым-танысқа түсу, тек қана смартфон бермей, қызықты кітаптар қарау, сурет салу керек.

Ал қазақ тілін үйренудің үлкен мектебі болуға тиіс кітаптардың жағдайын айттық. Қайтпек керек? Балалар әдебиетін дамытуға қазір көңіл бөлінбесе, көкөрімдердің өз тілінен өзі жерінетін түрі бар. Мұны министрлік те қаперге алыпты. Осы себепті де 2021 жылды «Балалар әдебиетін қолдау» жылы деп жариялады. Сөйтіп, қазақ ақын-жазушыларының 33 кітабын жарыққа шығаруды көздеп отыр.

Гүлзейнеп Пазылова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департаменті басқармасының басшысы:

- Қазіргі кезде жоспар бойынша 33 кітап жарыққа шығады деп күтілуде. Бұл арнайы іріктеген комиссияның шешімі бойынша. Қазақстандық ақын жазушыларды қолдау үшін биылғы жылы байқау өткізіледі. Үздік балалар әдебиеті, балалар әдебиетінде үздік шығармалар. Бұл да ресми мемлекеттен қаржыландыру арқылы өткізіледі.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Әлгінде ғана жазушы айтқан «кәмпиттей» кітаптың бірі, міне, менің қолымда тұр. Мұнда балақайларға арналған тақпақтар, соған сай суреттер берілген. Бала түгілі ересектің назарын өзіне бірден аударады. Өкініштісі сол, бұл тек орыс тілінде ғана. ал біздегі тілек, өз қара домалақтарымыз да осындай «кәмпиттей» кітаптан құр қалмаса екен дейміз. Әрине, қазақша кітапта індетіп іздесеңіз табылып қалар. Бірақ аз. Тым аз.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ербол Дайыров