СҚО-дағы Балықты көлінде балық қырылып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында қырылған балыққа байланысты тексеріс басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін оқиға болған Балықты көліне мамандар барып, сынамалар алды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, су маржандары мұздың бетіне шығып, үсіп қалған. Жергілікті тұрғындар бұған көлді жалға алушы кәсіпкерді кіналайды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Мына бейнені бізге Қарағаш ауылының тұрғыны Жамбыл Ақбаев түсіріп жіберді. Мұз бетінде ірілі-ұсақты жүздеген балық қатып, қырылып қалған. Тұрғындардың айтуынша, бұл – көлді жалға алған кәсіпкердің ісі. Ол қыс бойы мұзды ойып, балықтарды аумен шығарып, жүк көліктеріне тонналап тиеп әкететін көрінеді.

Жамбыл Ақбаев, Қарағаш ауылының тұрғыны:

- Мынаның бәрін қопарып, мына іштегі балықтарды бәрін сыртқа шығарып тастады, міне. Көбі өліп қалған. Сол өлгендері міне шығып, құсқа, аңға бәріне жем болып жатыр.

Балықтар Балықты көлінде қырылып қалған. Осыған байланысты тексеріс тобы құрылып, сараптамаға сынамалар алынды.

Ильдар Кәкімов, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Көлді жалға алушы кәсіпкер балық аулауға мұз ояды. Қатты қысымнан сумен бірге балықтар да сыртқа шығып, үсіп қалған. Қазір 50 келі балық жиналды. Олар жеуге жарамды.

Тұрғындардың айтуынша, бұл – бірінші жағдай емес. «Қалың қардың астында тағы да балықтар бар», дейді олар. Оны енді көктем көрсетеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев