Павлодарда көп қабатты үйдің қаптамасы шашылып жатыр

Бұл – мемлекеттік бағдарлама аясында салынған баспана, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мазасы кеткен тұрғындар «жел тұрса болғаны, далаға шығуға қорқамыз», дейді. Айтулары бойынша жергілікті билікке шағымданған, алайда нәтиже жоқ.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Тұрғындар өздері күн кешіп жатқан бұл үйді өзара «Қорқынышты үй» деп атап кеткен. Себебі, жел тұрса болғаны, алюкобонд материалынан жасалған қаптаманың осындай бөлшектері көктен жерге құлайды. Осының салдарынан олар әр күнін қорқынышпен өткізуде. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Бұған дейін бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға түскен.

Серікбай Кенжекей, тұрғын:

- Көлігім болған. Осы жерге қойып, үйге кіріп кеткенмін. Түскенін көргенмін. Ол күні кешке жақын жел басталды да, машинаның дабылы істеп кетті. Далаға шығып қарасам, темір профиль төбесіне түскен машинаның, айналып келіп, есіктің бояуын және төбесін майыстырып жіберіпті. Енді адамның басына түссе өлтіреді.

Бақытжан Қалиакберова, тұрғын:

- Біз енді алаңдаймыз. Себебі, балалар ойнап жүреді, үлкендер шығады, отырады. Енді үйден шықпай отырмайды ғой. Қараша айында жөндеу жұмыстары жүреді деп еді қалалық әкімдік. Бірақ әлі басталған жоқ.

Бұл кадрлар дауылды ескерту жарияланғанда түсірілген. Қатты жел болғанда қаптама бөлшектері осылай ұшады. Тұрғындар әр құлаған сапасыз металл конструкцияларды жинап, үйдің жертөлесінде сақтауда. Көп қабатты үй 14 жыл бұрын бой көтерді. Содан бері нысанның сыртқы қаптамасы мен қасбетінің бөлшектері шашыла бастаған.

Тұрғындар алдымен мердігер ұйымға шағым түсірген. Бірақ компания монтаж жұмыстарының сапасыз орындамағанын мойындаған. Даудың соңы сотқа ұласты. ПИК өкілдері жеңіске жеткенмен, мердігер ұйым міндеттерін орындамады. Себебі, құрылыс жұмыстарының кепілдік мерзімі өтіп кеткен.

Евгения Шквира, Пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

- Үш жыл бұрын тұрғындар өз күштерімен жөндеу жүргізген. Әр пәтер жеті мың теңгеден жинады. Бұл қаражатқа 10 бөлшекті ғана жөндедік. Бірақ қабырғаның қаптамасы күннен күнге шашылып жатыр. Тұрғындардың қаржылық мүмкіндіктері жоқ. Көп балалы отбасылар көп.

Жергілікті атқамінерлер тұрғындардың жанайқайын биыл естіді. Үйдің қаптамасын бюджет есебінен жөндеу шешілді.

Салтанат Әкімбекова, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Майра 1 мекенжайындағы үйді жөндеуге бюджеттен 20 млн теңге бөлінбек. Қазіргі уақытта жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Құжат мемлекеттік сараптамаға жолданды. Кейін мердігер ұйым анықталып, жұмыстар басталады.

Мемлекеттік сараптама қорытындысы осы айда шығады. Ал байқау мен мердігер ұйымды анықтауға қанша уақыт кететіні белгісіз.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков