Қарағанды облысында көру қабілеті нашар оқушылар көбейген

Қарағанды облысында пандемия басталған 1 жыл ішінде көру қабілеті нашарлаған оқушылардың саны күрт көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер бұл ұзақ уақыт компьютер мен гаджеттерге телміргеннің салдары дейді. Сорақысы, көз жанарының нашарлауы 3-4 жастағы бүлдіршіндер арасында да жиілеп кеткен.

Көзді тынықтыру керек, компьютер алдында ұзақ отырмаған жөн. Балаларға гаджеттерді бермеген абзал. Бұл барлығы білетін, бірақ біле тұра орындай бермейтін қағида. Онсыз да балалар арасында көз жанарының көруі нашарлап барады деп дабыл қағатын дәрігерлерге пандемия басталған бір жылда келушілердің саны күрт артқан. 

Жанат Қалиақпарова, офтальмолог:

– 2019-2020 жылы бізде көз ауруы 12-13 пайыз болған. Қазір көз ауруы күрт артып кетті. 28 процент. Компьютерде көп отыруға болмайды. Әрі кетсе 3-4 сағат, арасында 5-10 минут үзіліс жасау керек. Көзіңді жұмып, 5 минут отыру керек.

Назым Сағатбекқызы – 15 жылдық тәжірибесі бар мұғалім. Соңғы бір жылдағы ахуалға ол да алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі ұзақ уақыт қашықтықтан оқыған шәкірттерінің бірсыпырасы көру қабілетінің нашарлағанына шағымданған.

Назым Сағатбекқызы, мұғалім:

- Бұрындары көзі нашар көретін балалар аз болатын. Қазір сыныптың 50-60 пайызының көзі нашар көреді. Ал көзілдірік таққанға намыстанып, оны көрсеткісі келмейді. Сондықтан тақтаға келіп, көздерін сығырайтып қарайды. Не тақтаның қасына келіп қарап жүреді. Ондай балалар көп.

Дәрігерлер туа біткен нашар көру қабілеті қазір сирек кездесетінін айтады. Аурудың көбі – жүре пайда болғандар. Қазір жақыннан көріп, қашықтықтан көрмейтіндердің саны артқан. Әсіресе ұялы телефон – көздің жауы дейді мамандар. Ал ата-аналардың өз пайымы бар.

Ғайша Мұратқызы, ата-ана:

- Көбісі ұялы телефон, планшектке қарайды. Сабақты соған қадалып оқиды. Жоғарғы сынып балалары таңертең 10-да отырып, кешкі 5-6 да тұрады. Сабақты соткамен жасайды. Соның бәрі көзге әсер етеді. Бала тынышталсын дейді, ата-ананың қолы тимейді. Жұмыс көп, қарбалас. Содан баланы тыныштандыру үшін де беріп қояды деп ойлаймын.

Атап өткен жөн, қазір Қарағанды облысында көз жанары нашарлаған 1100-ге жуық оқушы тіркеуде тұр. Жыл сайынғы медициналық бақылау нәтижесін саралау кезінде екінші кезекте жасөспірімдердің арасындағы семіздік ауруы және үшінші орынға орталық жүйке жүйесі ауруларының асқынған түрі жатқызылған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев