431,93 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістандағы «Керуен сарай» кешені қашан ашылады

  • 406
  • UPD: 08:19, 02.04.2021

Түркістан қаласында жақында ашылатын «Керуен сарай» кешені – Орталық Азиядағы теңдесі жоқ жоба, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны Үндістан мен Иран базарлары сияқты ортасында қайықпен жүретін су арналары бар, саябақтар мен фонтандардан тұратын тұтас қала деуге болады.

«Керуен сарай» туристік кешені – Түркістандағы кереметтер нысандардың ішіндегі ең ғажайыбы. Аумағы 188 гектар жерді алып жатқан ерекше қалашықтың ішінде бес жұлдызды қонақ үйлер, су бетіндегі театр, аттар шоуы өтетін амфитеатр, кинотеатр, қиял-ғажайып балалар ойын алаңы, сауда орындары мен мейрамханалар орналасқан. Келген туристер мен қонақтар кешен ішін қайықпен аралайды.

Бұдан бөлек, Бәйтеректің басындағы Самұрық құстың жұмыртқасы сияқты, жаңа технологияның көмегімен, 8 D форматта халқымыздың тарихына әсерлі саяхат жасайтын театр-музей бар. Шығыс үлгісінде салынған кешен киелі шаһарға келетін меймандардың сүйікті демалыс орнына айналары сөзсіз.

Ергеш Оспанов, Қызылорда облысының тұрғыны:

- Біз көрші Қызылорда облысынан келдік. Жаңақорған ауданынан. Көпшіліктен естіп жатырмыз. Сондықтан «мың естігеннен, бір көрген артық» деп көруге келдік. Өте әсерлі, баяғыдағы Шығыстың үлгісіндегі үйлер, мен орта ғасырда жүргендей сезіндім өзімді.

Жоба авторларының айтуынша, сәулетшілер шаһардың архитектуралық келбетін қалыптастырғанда тарихи сабақтастықтыққа ерекше мән берілген.

Четин Пехливан, «Керуен сарай» туристік кешенінің бас менеджері:

- Түркістан – біріншіден, тарихи шаһар. Екіншіден, мұнда барша түркі жұрты аса құрметтейтін Қожа Ахмед Яссауидің кесенесі орналасқан. Сондықтан Түркістан – түркі тілдес халықтардың қасиетті мекені. Мұнда туристер де көп келеді. Біз Орталық Азияда теңдесі жоқ жобаны осы жерде жүзеге асырып жатырмыз.

Қазір туристік кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мамандардың айтуынша, кем-кетігі түзеліп жатыр. Алайда аттар шоуы өтетін амфитеатрда дайындық жұмыстары басталып кеткен.

Жандос Жұмабек, тілші:

- «Керуен сарай» кешенінде орналасқан мына амфитеатрда қолға үйретілген ақылды жылқылардың қатысуымен түрлі сахналық қойылымдар қойылады. Мәселен, бүгін ертегі желісіне негізделген «Қыз қуу» қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Онда мәңгі бірге болуды қалаған екі жас аттың үстінде жүріп, көптеген кедергілерден өтіп, қиындықтарды бірге жеңеді.

Өнер көрсетіп жатқан сәйгүліктер жақында Франциядан әкелінді. Қойылымды француздың атақты кино-режиссері, каскадер Марио Лураши сахналауда. Сахна саңлағы 70 асса да сүйікті ісімен айналысып, жергілікті мамандарға жылқымен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретіп жатыр. Мұндай шоуды бұрын-соңды көрмеген тұрғындар тайлы-тұяғына дейін қалмай келуде.

Бибігүл Тәуекелқызы, Шымкент қаласынының тұрғыны:

– Біз Шымкенттен келіп отырмыз. Мына қойылымға, театрға таңғалып отырмыз. Өте керемет. Бала-шаға, немерелерімізбен келгенбіз. Тамаша екен.

Құны 39 млрд теңге болатын алып кешен сәуір айының ортасына қарай ашылады деп жоспарланып отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы