Петропавлдағы ботаникалық бақта папайя ағашы жеміс берді

Тропикалық өсімдік бірнеше жыл бұрын ғана әкелінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы мамандардың айтуынша, жылыжайдағы жайлы жағдайдың арқасында ол тез жерсініп кеткен. Қазір оның биіктігі 4 метрге жуықтапты. Оны тағы басқаша қауын ағашы деп те атайды. Экзотикалық жемісті тағамға ғана қосып қоймай, медициналық косметологиялық бағыттарға да қолдануға болады. Себебі ол түрлі дәрумендерге бай. Жалпы шаһардағы бақта бүгінгі күні өсімдіктің екі мыңға жуық түрі бар.

Артур Рязапов, ботаникалық бақтың директоры:

- Екі жыл бұрын қала тұрғыны өсімдікті Доминикан республикасынан алып келген екен. Өзі осында өсіріп көрмек болған. Бірақ артынан бізге сыйға тартты. Әр 7-8 ай сайын жеміс береді. Қазір биіктігі төрт метрге жуықтады. Енді тұқымын алып жаңадан отырғызбақ жоспарымыз бар. Себебі бұл ағаш жабық нысанда тек 4 жылдай ғана өседі.