Шала сауатты психологтар мамандығымызға кір келтіріп жүр – кәсіби психолог

Онлайн тренингтер бизнеске айналып, әлеуметтік желіде жарнамадан көз сүрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақша шақыру, байлыққа кенелу, үйлену мен үй болу техникасын үйрететіндер жетеді. Таңдап жүріп қатысуға болады. Алайда олардың бәріне сенуге бола ма? Осы орайда кәсіби психологтар не дейді?

Шала сауатты психологтар мамандығымызға кір келтіріп жүр. Кәсіби психолог Айгүл Рахымжанқызы осылай дейді. Айтуынша, қысқа мерзімді курс оқып алып, жүздеген адамды жинап тренинг өткізетіндердің ісі диагностикасыз ем жасайтын дәрігердің ісімен бірдей.

Сынама алмай, зерттеу жүргізбей кез келген дәріні бере салғандай. Онлайн тренингке қыруар қаржы төлеп қатысатындардың проблемасы әртүрлі болады. Олардың бәріне бірдей кеңес беру дұрыс емес дейді маман. Жалпы, психологияда адаммен жеке жұмыс істеп, біраз уақыт зерттеп, сынап, түрлі тапсырма беріп, содан кейін ғана жанын емдеуге кіріседі.

Айгүл Жаппашева, психолог:

– Әлеуметтік желіде отырғандар сізді екі сағатта бақытты қыламын, бір аптаның ішінде жетістікке жеткіземін деген сияқты ұрандатып айтып жүр. Бірақ бұл мүлде дұрыс емес. Ешкімнің мәселесі бір біріне ұқсамайды. Әрбір адам жеке тұлға.

Психолог маман 4-5 жыл оқып, біраз жыл тәжірибе жинағаннан кейін ғана өзгеге ақыл бере алады. Айгүл Рахымжанқызының айтуынша, шала психологтар әйелдерді затқа табынуға үйретіп жатыр.

Стақандағы су мен қызыл әмияннан жақсылық күтетіндер көбейді. Ондай тренингке қатысатын әйелдер «жұлдыздың» атақ-даңқына қызығады екен. Оның басынан өткен оқиғаларын тыңдап, соған ұқсауға тырысады.

Айгүл Жаппашева, психолог:

– Сосын мұндай тренингтердің керісінше әсері де болады. Әйел сол ақшаны төлейді. Сөйтеді де, тез бақытты болып кетемін, менің мәселелерім тез жойылады, мен ақшалы боламын, тез жағдайдан шығып кетемін деп ойлайды. Бірақ күтілген жайғдай тез болмаса, ол одан да жоғары стресске түседі.

Кәсіби психологтардың пікірінше, екі ай курс оқып алып, «мен маманмын» дейтіндердің түпкі мақсаты – ақша табу. Өмірде бір қиындыққа тап болған жандар жарнамасы мен атағы жер жарып тұрған тәлімгердің қармағына тез түседі. Оған да керегі осы. 

Гүлмира Қапанова, психолог:

– Кез келген тренингті өткізетін маман алдын ала жіті дайындалуы керек. Және ондай тренингтерді психолог өткізгені дұрыс. Оның кәсіби білімі мен тәжірбиесі болуы керек. Курсқа қатысушы адамның өзі де маман туралы зерттеп білгені жөн. Ол адамның білігі мен білімі жете ме, соны анықтап алу керек. Тренингтен бір нәтиже болуы үшін керек.

Кәсіби психологтардың сөзінен түйгеніміз, жұртқа кеңес беретін кез-келген тренингті саланың мықты маманы жүргізгені жөн. Әйтпесе, қатысушыға кері әсері болуы әбден мүмкін.

Ақсәуле Байменшина, Асхат Қарқойшиев, Ербол Дайыров

Сондай-ақ...