Қарағанды облысында коронавирус науқастарына арналған госпиталь қайта ашылады

Қарағанды облысында коронавирус жұқтырған науқастарға арналып, уақытша консервацияда тұрған орындар қайта жасақтала бастады. Себебі соңғы екі аптада күніне 90-95 адамнан вирус анықталады.

Елорда мен Алматы қаласындағы ахуалға алаңдаған дәрігерлер ерте бастан қамданбақ. Қазіргі уақытта қажеттілік бойынша 2700 орыны бар 19 госпиталь науқастарды қабылдауда. Облыс қазір сары деңгейде. Бүгінгі күні  ем алып жатқан 900 науқас бар. 29-ы ауыр жағдайда, 4 науқас жасанды желдету аппаратына қосылған.

Гамаль Тоқсамбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ашылып жатқан госпиталь бірінші деңгейлі болып есептеледі. Нысан 100 адамға арналған. Бүгіннен бастап пациенттерді қабылдай бастаймыз. 9 реанимациялық орын бар. Яғни қатты ауырған науқастар осында келеді. Алда Оңтүстік-Шығыс ауданындағы тағы бір 100 орындық госпитальді ашамыз. Ол симптомы жеңіл өтетіндерге арналады. Қарағанды қаласы бойынша індеттің асқынуы байқалғандықтан келер аптада алдын ала тағы 400 орынды дайындап қоямыз.