ШҚО-ның Алматымен шектесетін тұсында санитарлық бекеттер жұмыс істеп тұр

Шығыс Қазақстан облысында санитарлық бекеттер өз жұмысын бастады. Үржар ауданының Алматы облысымен шектесетін тұсында екі бекет жұмыс істеп тұр.

Олар Жалаңашкөл ауылы мен Алматы-Өскемен бағытының 92-шақырымында орналасқан. Сонымен қатар Қарағанды жаққа бір бекет қойылды. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес ол жерде полиция қызметкерлері мен дәрігерлер тәулік бойы бақылау жасауы тиіс. Алайда әзірге бұл үшеуіне де медициналық мамандар келмеген. Сондықтан тек тәртіп сақшылары ғана тұр. Олар коронавирус инфекциясы ушығып тұрған облыстан келген автокөліктерді есепке алады. Дегенмен, әзірге қызыл аймақтардан бір де бір көлік өткен жоқ дейді мамандар. Бұл жолғы қаулыда шатыр құру сынды шараларды ұйымдастыру да көрсетілмепті. Сол себепті полиция өкілдері тек қызметтік көліктермен кезекшілік атқарады. Бекет бар екенін көрсететін арнайы белгілер де енді орнатылмақ.

Ержан Самарханов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Көліктерді санитарлық посттан біздің облысқа кіргізу, кіргізбеу құзыретімізге жатпайды. Дәрігерлер айтса, оны көлікті сырқатты кісі бар өткізбеңдер десе ол талапты орындауға міндеттіміз .Өйткені полицияға жүктелген міндет – ол қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысын қадағалап сақтау.