Оралда халыққа вакцина салу жұмысы жалғасып жатыр

Батыс Қазақстан облысында екпе салу жұмыстары жалғасып жатыр. 1 ақпаннан бері өңірге 20 мыңнан астам бірінші және екінші компонентті «Спутник V» вакцинасы жеткізілген. Таяу күндері екпені ең бірінші кезекте салдырған медицина мамандары мен педагог және күштік құрылым қызметкерлерін вакциналау аяқталады. Қазір емханалар өздеріне бекітілген тұрғындардың арасынан вакцина салдыруға ниеттілердің тізімін жасауға кірісті.

Әлия Жалиева қаладағы емханалардың бірінде еңбек етіп жүр. Негізгі қызметі ақ халаттылардың күнделікті қызметін ұтымды ұйымдастыру. Тәжірибелі маман алғашқылардың бірі болып екпе салдырыпты.

Әлия  Жалиева, емхана директорының орынбасары:

- Екі этаптан тұратын екпе, соның екеуін де алдым. Жағдайым жаман емес, екпе алғанда өзімді жақсы сезіндім, ешқандай ауыр болмады. Екпе алған соң адамда сенімділік пайда болады, жұмыста, адам көп жиналатын жерде өзіңді сенімді ұстайсың. Алмаған кісілер жүкті кісілер, сосын 6 ай турасында коронавирсупен ауырған кісілер, бала емізетін әйел қызметкерлер және ауыр түрде ауыратын инвалидность бар, онкология сырқаттары бар қызметкерлер алмады.

Емханада 300-ден астам медицина қызметкері еңбек етеді. Вакцинаға қарсы көрсетілімі жоқ мамандардың барлығы да бұл істен тыс қалмапты. Өйткені қатерлі індеттен өзіңді де, өзгелерді де сақтаудың бір жолы екпе салдыру екен.  

Гүлнәр Әбдірахманова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгін алынған 4900 екпе күштік құрылым қызметкерлеріне салынады. Медицина қызметкерлерін вакциналау жұмыстарын сәуірдің 10-ына дейін бітіреміз. Кейін келетін вакциналарды халыққа еге бастаймыз. 

Облыс бойынша екпе салуға арналған осындай 28 кабинет жұмыс істейді. Екпе салдыруға ниетті тұрғындар қалалық және аудандық емханаларға, сондай-ақ ауылдық дәрігерлік амбулаториялар мен жеке клиникаларға жолыға алады. Қатерлі індетті тоқтатудың бір жолы вакциналау. Сондықтан екпе салдырудан бас тартпаған жөн дейді дәрігерлер. 

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...