Шымкентте 248 шақырым жолға жөндеу жүргізіледі

Биыл Шымкентте 248 шақырымнан астам көше жолы қайта жөндеуден өтеді. Осы мақсатта жергілікті және республикалық бюджеттен 33,5 миллиард теңге бөлінді. Қыс айларына дейін қаладағы қозғалысы ең көп учаскелердің бірінде жолайрықтарын аяқтау жоспарланып отыр.

Жолайрықтарының құрылысы былтыр күзде басталған болатын. Бұрын бұл учаскеде әрдайым кептеліс орын алып, ал қарбалас сағаттарда жүру тіптен мүмкін болмаған. Десек те, әкімдік жөндеу аяқталған соң жолдың көлік өткізу қабілеті едәуір артып және кептеліс болмайды деп отыр.

Санат Донаев, мердігер мекеме өкілі:

- Биылғы жылы 1 сентябрьде бітіуге бізге жоспар қойылды. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Графиктен қалыспай келе жатырмыз. Екінші кезекте Рықсұлов көшесін жасау. Оның құрылысын ноябрдің аяғында аяқтаймыз.

Жалпы Шымкенттегі жолдардың ұзындығы 3200 шақырымды құрайды. Олардың жартысынан көбі жақсы жағдайда және шамамен 30 проценті құм және қиыршық таспен жабылған. Проблемалық аймақтардың мәселесі, сарапшылардың пікірінше, кезең-кезеңімен шешілуде. Мәселен, тек биылдың өзінде қала бойынша 155 көше қайта жөнделеді. Олардың бойына тротуар төселіп, жарық орнатылады.

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

- 2020 жылы Шымкентте рекордтық 400 шақырымға жуық көшелерді жөндеген болатынбыз. Оның ішінде 20 дана аса қала ішіндегі магистральді жолдар. Әкмінің тапсырмасына сәйкес биылғы жол жөндеу көрсеткіші былтырғыға қарағанда аздау, бірақ басым көпшілігін біз жол жоқ жерлерге беріп жатырмыз.

Басты назар жол инфрақұрылымына аударылып отыр. Осы жылы қаладағы жолдар қиылысында 40 жаңа бағдаршам пайда болады, нәтижесінде бүкіл Шымкент бойынша олардың саны 317-ге жетеді. Сонымен қатар 256 аялдама орнату жоспарланған.

Аслан Иса, Рауль Ғабитов, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов