432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жан-тәнімен қазақ боп кеткен Лиза әжей қазақ топырағында мәңгілік қалуды армандайды

  • 305
  • UPD: 09:28, 03.04.2021

Елімізде қазақтармен етене араласып, өздері де толықтай қазақ боп кеткен өзге ұлт өкілдері жетерлік.

Солардың бірі – Ақмола облысының Жақсы ауылында тұратын Лиза әжей. Неміс ұлтының өкілі 1941 жылы небәрі 6 жасында ата-анасымен бірге Қазақстанға жер аударылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Содан арада көп уақыт өтпей әке-шешесі бақилық болып, өзі жетім қалады. Алайда, жергілікті жұртшылық оны қамқорлығына алып, бауырына басады.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жастайынан еңбекпен өскен Лиза әжей үйде еш тыным таппайды. Қолынан келмейтіні жоқ. Қыздары мен немерелерін жасауларын жасап отырып, өз қолынан қазақтың салт-дәстүрімен ұзатыпты. Қаршадайынан көпті көрген кейуана өзінің еңбекқор және қазақ болып кетуін бауырына басқан қазақ отбасымен байланыстырады.

Лиза Смағұлова, зейнеткер:

- Үйренетін адамның өз талабы болады, үйренгісі келеді. Мен де ештеңе білмейтінмін. Маған «анау шелек, шелек», дейді. Шелек деген не нәрсе? Сосын қолдарын шошайтып көрсетеді ананы. «Тезек теріп әкел», дейді даладан. Көрсетеді «мынаны» деп. Солай үйрендім қазақша. Ананы әкел, мынаны әкел. Құртын қайнатамын. Ірімшігін қайнатам. Бала күнімнен сол қазан-ошақтың басында жүреміз далада қыстай, жаздай.

Осылай тәрбие алған Лиза әжей 18 жасында Ақмаш Смағұлов есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, ислам дінін қабылдайды. Екеуі бірге 46 жыл өмір сүріп, 6 бала өсіреді. Қазір 86 жастағы қария солардан өрбіген 15 немере мен 20 шөберенің қызығын көріп отыр. Айтпақшы, бұл әулет көп ұлтты. Алайда, бәрі өздерін қазақпыз деп есептейді.

Гүлсім Нұрмағамбетова, Лиза әжейдің қызы:

- Біздің қазақ отбасымызға әртүрлі ұлт қосылып жатыр. Үлкен келініміз Украинадан келген украинка, сосын екінші келініміз орыс, үшінші келініміз Германияда тұрып жатыр, неміс. Енді күйеу баламыз қазақ – Бексейіт. Айман деген қызынан. Менің күйеуім де қазақ. Роза деген үлкен апамның жолдасы Армениядан. Сол осылай көп ұлтты отбасымыз. Енді немерелер тұрмысқа шығып жатыр, келіншек алып келіп жатыр. Оларда кәріс те бар, татарлар бар, грузиндер бар, отбасымызға әртүрлі ұлттар қосылып жатыр.

Ал, әжейдің о бастағы аты-жөні – Елена Гизберг. Ал, қазір құжат бойынша тегі – Смағұлова. Алайда, оны бәрі Лиза әжей деп атап кеткен. Кейіпкеріміз сөзге шорқақтау болғанымен, нағыз істің адамы екенін байқадық. Қандай жиын болмасын, қазақы салтпен ет асып, бауырсақ пісіреді. Жақында Наурызды да жақсылап атап өткен. Тек соңғы кезде денсаулығы сыр беріп жүр екен. Ал, Германиядағы балаларының «сізді алып кетейік» деген ұсынысынан әжеміз үзілді-кесілді бас тартқан. 

Лиза Смағұлова, зейнеткер:

- Балалардың көбі осында. Ол жерде біреу-ақ қой. Бірақ қазір екі немерем де ер жетіп, үйленіп, осы жақтан келіп үйленіп, қазақтың қызын алып кетті. Оған да рахмет.

- Бұл балалардан бөлек, мүмкін осы елді қимайтын шығарсыз, жерді қимайтын шығарсыз.

- Енді, әрине. Сосын шалым өзі мен өлгенде жаныма қалдыр деген, баласына тапсырып кеткен.

Сөйтіп, бүкіл жан-тәнімен қазақ боп кеткен Лиза әжей қазақ топырағында мәңгілік қалуды армандайды. Ол кісінің осындай жергілікті халыққа деген адалдығы, жасына қарамастан ширақтығы, жалпы бүкіл болмысы кімге болсын үлгі-өнеге.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы