Жер реформасы жөніндегі комиссияда 55 ұсыныс түсті

Елордада жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кеткен жөн, мұның алдында комиссия құрамы бекітілген болатын. Ал 25 наурызда бірінші отырысы өткен еді. Бұл жолғы жиында жұмыс топтарының басшылары мен орынбасарларын анықтау бойынша мәселе қаралды. Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан комиссия төрағасы Ералы Тоғжановқа қоғамдық орынбасарды тағайындау туралы ұсыныс айтты. Бұл бастаманы көпшілік қолдады. Жиынға қатысушылардың кейбірі қоғамдық орынбасар ретінде Мұхтар Тайжанның өзін ұсынса, басқалары бұл орынға өзге үміткерлерді лайықты деп таныды. Айта кеткен жөн, комиссияның екінші отырысына дейін жер реформасы туралы 55 ұсыныс түскен. Оның 15-сі құқықтық сипатқа ие.

Ералы Тоғжанов, Жер комиссиясының төрағасы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Заң жобасының бірінші оқылымы Мәжілісте 7 сәуірде өтетін болады. Көпшілік арасында жекелеген түсініспеушіліктер кездесуде. Жалған қауесет таратушылар бар. Жердің шетелдіктерге берілмейтіндігі жөнінде нақты шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтты. Нүктесін қойды. Қазіргі таңда комиссия алдында ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеті тұр.