Елімізде жер ресурстарын басқару туралы агенттік құрылады

Жер реформасы комиссиясының екінші отырысында жер ресурстарын бақылау бойынша бірыңғай мемлекеттік жүйе құру мәселесі қаралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі уақытта барлық аймақтық жер инспекциясы 2014 жылы әкімдіктердің құзырына берілген. Яғни, әкім өзі жер береді, оны өзі бақылайды. Осыған байланысты бірінші қаралған мәселе – «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына мемлекеттік жер кадастрын жүргізу функцияларын бере отырып, жер ресурстарын басқару агенттігін құру керек. Бұл туралы экономикалық жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев айтты. Ұсынысты отырысқа қатысқан жұмыс тобы өкілдерінің басым көпшілігі қолдады.

Ералы Тоғжанов, Жер комиссиясының төрағасы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Заң жобасының бірінші оқылымы Мәжілісте 7 сәуірде өтетін болады. Көпшілік арасында жекелеген түсініспеушіліктер кездесуде. Жалған қауесет таратушылар бар. Жердің шетелдіктерге берілмейтіндігі жөнінде нақты шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтты. Нүктесін қойды. Қазіргі таңда комиссия алдында ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеті тұр.