433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында асыл тұқымды мал басы көбейіп келеді

  • 143
  • UPD: 17:37, 03.04.2021

Алматы облысының Кеген ауданында 50 мыңдай ірі қара болса, соның 8 проценті асыл тұқымды.

Тұқымдық түрлендіру жұмыстары мен үш мың бастық мал бордақылау алаңын құрудың арқасында бұл өңір былтыр көршілес Қытай мен Өзбекстанға және Иранға 150 тонна ет экспорттады. Бұл көлем алдағы уақытта бірнеше есе артады. Өйткені аудандағы ірі шаруашылықтарының бірі Біріккен Араб Әмірліктеріне ет экспорттауға лицензия алмақ.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Кеген ауданындағы бұл шаруашылық абердин ангус тұқымды сиырларды өсірумен айналысады. 2019 жылы мұнда Австралиядан 1500 бас аналық әкелінген. Қазір мұндағы мал басы 4500-ге жетіп қалды. Шаруашылық биылдың өзінде 1200-ден астам төл алды.

Бұл шаруашылықта қолдан ұрықтандыру жұмыстарынан бастап, жоғары сапалы ет тұтынушыға жеткенге дейінгі үдерістердің бәрі жіті бақыланады. Ол әрине, ең алдымен жаңа технологиялардың енгізілуі арқасында жүзеге асты.

Айымгүл Камалиева, мал дәрігері:

- Малдың тері астында чиптер орналасқан. Сол чиптерді осы сканер арқылы көреміз. Осы чипке мемлекеттік биркасы тіркеледі, осы жерден салмағын көре аламыз. Өзіміздің базамыз бар. Мұнда біздің барлық жануарлардың тіркеуі жүргізіледі.

Білікті маман араласпаса, қайбір істің де алға баспайтыны белгілі. Мұндағы мал дәрігері Павлодар облысынан келсе, шаруашылықтың іс басқарушысын Ресейдің Саратов губерниясынан аттай қалап алдырыпты. Соның арқасында 2015 жылы құрылған бұл ет өндіруші компания бүгінде 50 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Аян Жолдыбаев, бригадир:

- Біріншіден, жалақылары уақытымен алынады. Үш уақыт тамақтары беріледі. Таңертең жұмысқа алып келеді, кешкісін үйлеріне апарып тастайды. Мен осы ұжым құрылғалы бері істеп келе жатырмын.

Кеген ауданында 50 мың бас ірі қара болса, соның 7 мыңы - асыл тұқымды. Олар төрт шаруашылықта орналасқан. Тұқымдық түрлендіру жұмыстарының арқасында шағын шаруашылық қожалықтары бұқашықтар алып, мал басын асылдандыруда. Ауданда 3 мың бастық мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.

Бауыржан Садықов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Сол арқылы Қытайға, Өзбекстанға, Иранға экспортқа ет жолданады. Былтырғы жылы бізде 150 тонна экспортқа ет шықты.

Ақтастыдағы бұл шаруашылық алдағы уақытта көршілес Қытай Халық Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ет экспорттай бастайды. Оларға жайылымдық жер жеткілікті болғанымен, шабындық аз. Шөпті 500 шақырым қашықтықта орналасқан Балқаш ауданынан тасуға мәжбүр. Ал 4500 бас ірі қараға күніне 200 орама шөп қажет. Компания басшылығы жаңа жер кодексі ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар түйткілдердің түйінін тарқатып береді деген үмітте.

Төлеген Бозжанов, ет өндіруші компанияның бас директоры:

- Менің түсінігімше, шетелдіктерге және өзге мемлекет өкілінің 1 пайыздық үлесі бар компанияларға да жер сатылмайды. Бұл бір жағынан өте жақсы. Өйткені жер – халықтың меншігі. Екіншіден, бұл шешім ауыл шаруашылығына салынатын инвестицияны шектейді деп ойлаймын.  Мемлекет қазір бізге барынша көмектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, отандық өндірушілер аяғынан нық тұрып алуы керек.

Шаруашылықта өткен жылы 18 айлық 1000 бұқашық сойылса, биыл 2500 бұқа етке өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл Кеген ауданында ет өндірісінің еселеп артып келе жатқанын көрсетеді...

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы