Ақтөбе облысына қосымша 12 мыңнан астам вакцина дозасы жеткізілді

Дәрігерлер көп ұзамай қала, аудандармен қатар елді мекен тұрғындарына да екпе салуды жоспарлап отыр.

Гүлжан Тұманбаева коронавирусқа қарсы екпенің екінші компонентін салдырды. Мұғалжар аудандық ауруханада еңбек ететін ол вакцина алудың тиімділігін жақсы түсенеді. Індетпен күресте алдыңғы шептегі дәрігерлермен бірге қызмет етіп жүр.

Гүлжан Тұманбаева, медбике:

- Өз еркіммен алып тұрмын. Ешқандай кері әсер болған жоқ. Басты сақтану вакцинация деп білем. Барлық адамдардың осы вакцинация алғаны дұрыс деп ойлаймын.

Мұғалжар ауданы бойынша қазір екі емханада екпе жүргізіліп жатыр. Әзірге медицина және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің 300-ден астам өкілі қамтылған. Келесі аптадан бастап, тәртіп сақшылармен педагогтар және өтініш білдірген қарапайым тұрғындар егіледі. Ол үшін ауданға таяу күндері қосымша 450 вакцина дозасы жеткізіледі.  

Миржан Кенжебаев, Мұғалжар аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Екінші кезеңді бастап кеттік. Дәрігерлеріміздің барлығы вакцина алды, жағдайлары жақсы, асқынулар болған жоқ. Енді әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Адамдар өз еркімен вакцина аламыз деп бізге өздерінің көңілдерін білдіруде. Ерікті түрде қазіргі таңда бізде он адам тұр.

Аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, 160 млн теңгеден астам қаражатқа барлық қажетті аппараттар алынған. Енді коронавирустың бар жоғын жергілікті жерде де анықтауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ таяу уақытта ковидке шалдыққандарды оңалту орталығы да жұмыс істейді.    

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бүгінде аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесінде бес адам ем қабылдап жатыр. Ол жаққа кіруге мүлде болмайды. Індеттің таралуы бойынша егер өлкедегі жағдай аяқ асты ушыға қалса, онда осы аурухананың 90 адамға дейін қабылдап, жатқызуына толық мүмкіндігі бар. Оның ішінде бес реанимациялық кереует қоры жасақталған арнайы бөлмелер де бар.

Қазір ауданның эпидемиялогиялық жағдайы мамандардың бақылауында. Дәрігерлер қауіпті вирусқа қарсы екпе жұмысын алдағы уақытта елді мекендерде де жүргізеді. Ол үшін 7 жылжымалы бригада жасақталған. Ал облыс бойынша бүгінде 6300-ден астам адам вакцина алған. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев