Павлодар облысында азық-түлік қымбаттады

Павлодар облысында азық-түлік бағасы 25-30 процентке қымбаттады. Әсіресе қант пен жұмыртқаның бағасы шарықтады. Себебі тұрақтандыру қорында қант пен жұмыртқа таусылып қалған. Бұған дейін қоймалардан екі миллион данаға жуық жұмыртқа әлеуметтік дүкендер желісіне жөнелтілген. Тауар әр дүкенге бекітілген көлемде жеткізіліп тұрған. Дегенмен, дүкендердегі сөрелер бірден босап жатыр. Әсіресе екібастұздық сауда нүктелеріне жеткізілген өнім көлемі аз, дейді сатушылар.

Гаухар Солтанғожина, әлеуметтік дүкен директоры:

- Қазіргі уақытта тапшылық болып жатқан ұн мәселесі, қант мәселесі, май, жұмыртқа. Сол тапшылық біздің өнімдеріміз өзіміздің Қазақстаннан шығып жатқан өнімдеріміз. Стабфондтан алып жатырмыз. Сол стабфондтан кішкене бізде жетіспеушілік болып жатыр. Әлі жұмыртқасыз отырмыз. Кезекпен қояды, білмедік. Сол мәселені шеше алмай отырмыз.  

Тұрақтандыру қоры өткен жылдың күзінде 470 тонна қант сатып алған. Қордағы өнім көлемі таусылуға жақын. Серіктес дүкендерге күніне әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 100 келісі босатылуда. Қазіргі уақытта қор тұз, қант, жұмыртқа және күнбағыс майын сатып алу бойынша келісім-шарттар жасауда. Аймақта арзан бағалы картоп және сәбізбен мәселе жоқ. Бүгінде қордан босатылатын көкөністің келісі 80 теңге. Логистикалық шығындарды есептегенде 98 теңгеден аспайды.

Данияр Шаймарданов, Павлодар әлеуметтік-кәсіпкерлік қоры департаментінің директоры:

- Көтерме саудамен айналысатын фирмалармен жұмыс істемейміз. Бүгінде бөлшек сауды насындарымен 173 келісімшарт жасалды. Картоп мәселесіне келсек шаруа қожалығымен келісімге келдік. Өнім Павлодар қаласының сауда нүктелеріне жеткізіледі деп жоспарланған. Көкөніс саудасын жүргізгісі келетін кәсіпкерлер өнімді тұрақтандыру қорынан ала алады.