431,11 519.25 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында мобильдік топтардың жұмысы күшейтілді

  • 130
  • UPD: 18:25, 04.04.2021

Санитарлық талапқа салғырт қарағандарға шара қолданылады. Індеттің таралуы бойынша «қызыл аймақта» тұрған Ақтөбе облысында бақылау жұмыстары күшейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері коронавирусқа қатысты 50-ден астам жағдай тіркелген Мұғалжар өлкесінде мониторингтік топ күн сайын тексеру жүргізеді. Мамандар кәсіпкерлік нысандарындағы ахуалды бақылап, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіріп жүр.

Мобилдік топ мүшелерін күтпеген дүкен қызметкерлері қалыптасқан жағдайға бейімделгенін айтады. Өздерінен өзге тұтынушыларының да қауіпсіздігін ойлауды басты орынға қойған. Қажетті ақпаратқа қанық болса да, бақылаушылар сауда орнын сүзіп өтіп, сатушылар мен келушілерге сақтық шараларын түсіндірді. Егер санитарлық талаптың сақталуы бұзылса, қолданылатын жазаның да жеңіл болмайтынын ескертті.

Алмат Сматов, бақылау тобының мүшесі:

- Температура тексеретін жерге арнайы бір адамның бекітілгендігі, есік алдындағы аяқ киім сүрткіштігі, кіріп келген адамға ескертіп, масканы жоғары дұрыстап тағуын қамтамасыз етуге сіздерге ескертпе жұмыстарын жүргізуге шақырамыз. Өйткені қазір білесіздер, Ақтөбе облысы толыққанды «қызыл аймақтағы» зонаға кірді.

Әлия Ербөлекова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

- Мен вахталық жұмыста жасаймын. Қауіпсіздікті, арақашықтықты, бәрін білеміз, сақтаймыз. Міне, немеремізге де кигізіп қойдық. Ол өзімізге керек қой. Адамның өзінің денсаулығына керек.

Аудан орталығындағы ірі азық-түлік дүкендері де назардан тыс қалмады. Көпшілік келетін мұндай орындарға жиі жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде вирусқа қарсы қолданылатын сұйықтықтар мен бетперде әр жерде қойылатын болды. Дегенмен, заң бұзушылықтар жоқ емес. Көпшілік қатысатын той-томалақтардың өтуі де тыйылмай тұр.

Ғалым Қобыландин, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары:

- Кафелерде осы той-садақаны өткізген адамдарға қатысты және ресторан иелеріне қатысты әкімшілік-құқықбұзушылық заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданды. Биылғы жылы 200-ге жуық рейд өткізілді. Рейдтің нәтижесінде қазір он іс қозғалып және осы кәсіпкерлік субектілеріне 440 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.

Қазір аудан бойынша төрт мобильдік топ санитарлық талаптың сақталуын қадағалап жүр. Оның ішінде, Қандыағаш, Ембі, Жем қалаларындағы қоғамдық орындар мен кәсіпкерлік нысандарындағы қауіпсіздік шараларына баса көңіл бөлінуде. Өлкеде жұмыс істейтін мұнай компанияларынының жағдайы да бақылауда.

Болатбек Шағалбаев, Мұғалжар ауданының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері:

- Аурулар вахталық поселкада, жұмыс орнында тіркелген болды. Олар қазіргі таңда барлығы емделіп шықты. Вахтаға барар кезде жұмысшылар ПЦР тест тапсырады және вахтадан шығар кезде ПЦР-тест тапсырып шығады. Аудан бойынша Мұғалжарда ауру көп тіркелуі ол деген ірі аудан. Халық саны да көп аудан 70 мыңға жуық. Сондықтан аурудың тіркелуі де соған байланысты.

Өңірде мобилдік топтардың жұмысы қарқын алды. Дей тұрғанмен, індет жұқтырғандар саны артып барады. Тек өткен тәуліктің өзінде 130-дан астам адамнан коронавирус анықталды. Осыдан бір ай бұрын бұл көрсеткіш 3 есе төмен болатын.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы