Маңғыстау облысындағы Жетібай ауылының жастары құмай тазы өсіріп, бүркіт ұстайды

Қыран құс ілген түз тағысының терісін илеу тәсілдерін де меңгеріп алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыс мезгілінде бірнеше адам Үстірт жиегін жағалап қоян-қасқырға құс салады. Күн жылыда түлкі-қарсақ аулап жүр. Білгенін өзгеге үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген ауыл азаматтарымен арна тілшісі тілдесіп келді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ауылдастары арасында құсбегі атанған Дәулет Мұқашев екі бүркіт бағып отыр. Айтуынша, қырандарды балапан кезінен бастап асыраған. Әсіресе, сәуір-мамыр айлары, құсбегілер тілімен айтсақ, түлек шағында бір марқа қойдың еті жетпей қалады екен. Құсқа аң не мал етіне жылы су араластырып, қансоқта күйде беруінде негіз бар. Бүркіт өзі ұстағандай сезініп, кесек етті құныға жеп тез жетіледі.

Дәулет Мұқашев, құсбегі:

- Тұщыбек ауылының тумасы Мереке Өтеғалиұлы деген ағамыз бар. Ұстазым. Содан үйренгенмін құс бағуды. Еріккеннің ермегі емес, сөздің шыны керек. Бабы, бағылуы дейтін өте қиын. Аңға салатын кезде ол кезді «Қайыру уақыты» дейді. Бұларға жемді аздап береміз. Асқазанын тазалап, қоя жұтқызамыз. Құсбегілікті ата кәсіп дейді ғой. Бұрын ата-бабамыз ұстаған. Жалпы осы Жетібайда жас балаларды құсбегілікке үйретуге жоспарымыз бар.

28 жастағы құсбегінің алғашқы бүркітін ұстазы сыйлаған. Бүгінде ол сақа қыранға айналды. Түлек шығару санына қарап санасақ, биыл 8 жыл қолда бағылып келеді. Қансонар шақта көзге ілінген түз тағысын қалт жібермей қағатын қандыбалақ құс атанды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл сақа бүркіт. Есімі Ақсеңгір. Құсбегі жақын күндері еркіндікке жіберетінін айтып отыр. Өйткені аналық жаста бүркіт иен далада еркін қалықтап, жұмыртқа басуы тиіс.

Ауыл жастары бүркіт салып түз тағысын терісін бүлдірмей алып жүр. Алдымен аң терісін аяғынан басынан қарай сыпырады. Жылы күйде тұздап, кергіште кептіреді. Ішкі жағына айран ия болмаса сарысу жағады. Әбден сіңіп, жұмсарғасын қолмен уқалап илейді. Қарсақ, түлкі терісінен жаға, бас киім тігуге болады.

Нұрахмет Нұржан, ауыл тұрғыны:

- Кәдеге жаратамыз, илейміз. Үйретіп жатыр. Илеп, пайдаға асырады Дәулет ағамыз. Алған олжамызды ағамызға алып келеміз. Етін бүркітке берсек, терісін пайдаға жаратады. Осылай үйреніп жатырмыз. Өзім тазышымын, тазы бағамын. Алдағы уақытта бүркітті де ұстаймын қолыма. Тазыларым шығып жүр. Қоян, қарсақ, түлкіге. Күндіз де алып тұр.

Қазақ құмай тазыны жарғақ немесе шашақ құлақты деп ажыратады. Жетібайлық жастардың қолында қос түрі де бар. Оларды бүркіттен бөлек аңға салады. Өйткені қыран құс шатасып үй хайуанына түсу қаупі бар. Ата кәсіпті жастайынан меңгерген ауыл жігіттерінің қақпаншылық өнері де бар. Аңшылық құралының дені атадан балаға мирас болып қалған. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев