Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы үш ауыл сыртқы әлеммен қарым-қатынаста жоқ

Мырзатай ауылдық округінің тұрғындары интернет пен ұялы байланысқа қатысты шағым айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті халық онлайн сабақ пен күнделікті ақпараттық қажеттілік түгілі жедел жәрдем шақыра алмаймыз деп мұңаяды. Мырзатай облыс орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан.

Үш мыңнан астам халық тұратын Мырзатай, Сеңкібай және Еңбек ауылдарында байланыс жоқтың қасы. Қоңырау шалу үшін шатыр, ағаш басына шығып, биік жер іздейді. Пайда бола қалса, сөйлесудің өзі мұң. Жұрт мұндай байланыстың барынан жоғы деп отыр.

Зере Бұралқиева, Мырзатай ауылының тұрғыны:

– Немерелеріміз бар үйде. Жедел жәрдем шақырайық десек, байланыс жоқ. Мектептің алдына барамыз. Кейде ұстайды. Кейде ұстамайды ол да. 

Әбдікамал Момбаев, Мырзатай ауылының тұрғыны:

– Көпірге барамыз. Балалар сабақ оқу үшін сонда барады. Осы жерден екі шақырым жер. Сеңкібай ауылында балалар қара талдың басына шығып оқып отыр. Ал ертең құлап кетсе, оған кім жауап береді? Көпір үстінде көлік қағып кетсе, кім жауап береді?

Тұрғындар ауылдық округ әкімі бейқам отыр деп наразы. Аудан басшылығына да талай рет арыз жазып, шағымданған. Айта-айта, нәтиже болмаған соң мәселені өздері шешуге кіріскен. Қазір үйме-үй байланыс күшейткіш орнатып амалдап отыр. Солардың бірі – Гүлмахира Әлиасқарқызы. Ол балаларын оқыту үшін амалсыз мынадай қондырғы қойғызыпты.

Гүлмахира Әлиасқарқызы, Мырзатай ауылының тұрғыны:

– Сөйлескенде де өшіп қалады. Оны бүкіл ауыл біледі. Әкімге бәрібір. Жағдайымызды істеп жатқан әкім жоқ. Айтып жатырмыз. Олар бізге келіп ұрысып кетеді.

Сағынкүл Саршаева, Мырзатай ауылының тұрғыны:

– Балаларымыз оқу бітіру керек. Оқи алмайды, ешқандай жағдай жоқ. Әкімге барасың, ештеңе өзгермейді. Әйтпесе осының бәрі әкімнің жұмысы ғой. Әкімнің нашарлығы.

Мән-жайды анықтау үшін аудан әкімдігіне бас сұқтық. Мұндағылар мырзатайлықтардың жағдайын жақсы біліп отыр. Тіпті аудан бойынша 12 елді мекенде осындай мәселенің барын жасырмады. Алайда қолдан келер шара жоқ. Интернет пен мобильді байланыс қондырғыларын орнататын жеке компаниялар. Әкімдік өкілдері тек оларға ұсыныс пен өтініш жазудан басқаға дәрменсіз екенін анық аңғартты. 

Дәуір Дәулетов, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл мәселе біртіндеп шешіледі. Өйткені осы мәселені біз көтергелі бері бізге байланыс операторларының жауабы: «пандемия басталғалы бізге түскен жүктеме өте көбейді. Біздің апаттық жағдайларымыз көбейді. Біз оның бәрін қалпына келтіруіміз керек. Екіншіден пандемияға байланысты шетелден келетін технологиялық құрал-жабдықтарымыз әлі толық жеткізілген жоқ» деп отыр.

Алайда аудандық әкімдік облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығына басқа ақпарат берген.

Гүлпара Ташенова, облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығы басшысының орынбасары:

– Байланысқа қатысты ондай мәселені біз естіген емеспіз. Мобильді операторлардың байланыстары жақсы істеп тұр. Әкімінен сұрағанмын. Себебі ол жақта бізде өнеркәсіп жақсы дамыған. Сондықтан сұрап білдім.

Есеп пен қағазда бәрі қамтылып тұрғанымен ауылдардағы жағдай мүлдем басқа. Оған тұрғындардың жан-айқайы дәлел. Жалпы Жамбыл облысында 371 ауыл болса, қазір соның 85-де интернет пен байланыс мәселесі бар. Ал 9 елді мекенде байланыс мүлдем жоқ. Мамандар ол жаққа интернет апару экономикалық тұрғыда тиімсіз деп санайды.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә