Екібастұзда сөйлеу қабілеті нашар балаларға арнайы балабақша бар

Екібастұз қаласында сөйлеу қабілеті кенже қалған балалар саны көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, бұған көптеген сыртқы факторлар, әсіресе, экология әсер етеді. Мәселені біртіндеп шешу мақсатында кеншілер қаласында арнайы балабақша ашылған.

Бұл – жаратылысы ерекше балалар. Сөйлеу қабілетінде біраз ауытқушылық болғанымен, физиологиялық дамуы қалыпты. Логопедтердің айтуынша, сөйлеу дағдысы нашар ұл-қыздардың сапалы емделуіне мүмкіндік бар.

Мұндай арнайы мекеме ашу мәселесі бірнеше жыл бұрын көтерілгенімен, бір жыл бұрын ғана мамандандырылған балабақша жанынан заманауи дамыту кешені іске қосылды. Ғимарат қазіргі заманғы технологиялық құралдармен жабдықталған. Солардың бірі – Мария Монтессори әдістемесі.

Наталья Шеянова, тәрбиеші:

– Әдістеме баланың сөйлеу қабілетін дамытуға бағыталған. Оны кез келген бала игеріп алады. Мұғалімінің де көмегіне жүгіне алады. Бүгінде нәтиже бар. Балалардың дамуында ілгерілеушілік байқалады.

Ал «Фрёбеля» ойын жиынтықтары баланың бойындағы танымдық үрдістер мен сенсорлық дағдыларын дамытады. Мамандардың айтуынша, тәрбиеленушілердің қызығушылығы жоғары.

Балжан Қарықбаева, тәрбиеші:

– Сіздердің алдарыңызда Фридрих Фребельдің 250 жылдан бері жинап келген сыйлары. Бұл балалардың қолының моторикасына арналған, есте сақтау, сенсорикалық жағынан балаларды дамыту үшін жаратылған осы заттардың бәрі. Бұл заттар табиғи заттардан, ағаштан, жіптерден жасалған.

Ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан технология балаларға жүк артпайды. Әр сабақ қызықты өтеді. Орталықта арнайы ойын бағдарламасы әзірленген. Мәселен, жеткіншектер самокат теуіп, физикалық дағдыларын дамытады. Ал сабақ арасында сенсорлық кабинетте ойын ойнайды.

Нұргүл Қайыржан, тәрбиеші:

– Сенсорлық-интегративтік залдың басты ерекшелігі – бұл жер балалардың сенсорлық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Түрлі ойындар мен жаттығулар кешені қарастырылған. Сондай-ақ бұл жердегі түс, дыбыс және де осындай бір релаксация дейді ғой, демалыс. Балалардың сезім мүшелері арқылы бас, ми бұлшық еттерінің демалуына мүмкіндік жасайды.

Мамандардың айтуынша, сөйлеу қабілеті бұзылған бала саны артқан. Себебі олар уақыттарының басым бөлігін гаджеттермен өткізеді. Мұның барлығы бала денсаулығына кері әсерін тигізеді.

Светлана Кох, медбике:

– Бұрын бір балабақшаға сөйлеуі бұзылған бір баладан келген. Қазір көбейді. Әр топта екі-үш баладан кездеседі. Меніңше, бұған экология да әсер етеді.

Людмила Лабудько, екібастұз қалалық №25 балабақшаның меңгерушісі:

– Кезек азайды. Себебі балалар балабақша мен дамыту орталығына барады. Олармен психолог, логопед-дефектологтар жұмыс істейді. Сондықтан, нәтиже бар.

Бүгінде балабақшадағы арнайы үш топқа 56 бала барады. Қалған топтарда 120-ға жуық ұл-қыз тәрбие мен білім алады. Екібастұз қаласында осы тектес тағы бір мекеме бар. Мұндағы мамандар жұмыс барысында заманауи әдіс-тәсілдерді пайдаланады.  

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат