Алматыда халықты жаппай вакциналау тоқтатылды

Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың айтуынша, 3-4 күнде Алматыға вакцинаның тағы бір легі жеткізілуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол кезде жаппай вакциналау қайта жанданады. Ал екпе алып үлгерген тұрғындар бұл жайында әлеуметтік желіге жарыса жариялады.

Мегаполисте коронавирусқа қарсы жаппай егу өткен жұмада, 2 сәуір күні басталған болатын. Вакцинация пунктері шаһардағы 70 емханада, 31 сауда орталығында, ірі мәдени, білім беру және спорт мекемелерінде орналастырылуда. Аурудың алдын алуға асыққан тұрғындардың біразы екпені алып үлгерді. Олардың қатарында спортшылар да бар.

Руслан Жапаров, таэквондошы:

– Біз мұны бір ай бұрын жобалағанбыз. Қол тимей кетті, жақында келдік. Мамыр айында лицензиялық турниріміз бар. Сол жарыстың алдында ауруға уақыт жоқ. Сол үшін вакцина алу керек болды.

Шырын Мамытова, иммунолог:

– Спортшылар белсенді. Келіп жатыр. Өздерін нашар сезіну болмады. Бәрі жақсы қабылдап жатыр.

Екпе салдыруға қатардағы тұрғындар тарапынан да белсенділік байқалды. Тіпті, олар мезі еткен аурудан құтылуға жасалған қадамдарын әлеуметтік желіге жарыса жариялады. Жұма мен сенбі күндері қалада 17 мыңнан аса тұрғынға вакцина салынған. Алайда қала билігінің айтуынша, сақадай сай екпе орталықтары үшінші күні-ақ тұрғындарды қабылдауды тоқтатты. Себебі вакцина жоқ.

Нариман Табынбаев, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

– Соңғы траншпен бізге бар болғаны 34 900 вакцина жеткізілді. Қалаға екпенің келесі легі келгенгенше, жаппай вакцинациялауды шектейміз. Қолда қалған екпені Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен топқа салатын боламыз. Тұрғындарға алаңдаудың қажеті жоқ. 3-4 күнде вакцинаның жаңа легі жеткізіледі.

Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, сәуір айында Алматыға «Спутник V» вакцинасының 250-300 мың дозасы жеткізіледі. Айта кетейік, екпе алғысы келетін тұрғындар алдын алуға жазылуға тиісті.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарынбаев, Валентин Лобанов