Ақмола облысында 122 млн теңгенің алтынын ұрлағандар ұсталды

Күдіктілерді қолға түсіру үшін полицейлер бір айға жуық іздестіру жұмыстарын жүргізген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, осы уақыт аралығында 300-ге жуық адам сұраққа алынып, кәсіпорынның барлық бейнебақылау камералары тексерілген. Соңында Жолымбет ауылының 26 және 34 жастағы тұрғындары күдікті деп танылған. Олар қоймада тұрған бір қапшық алтын катодын қолды қылғандарын мойындады дейді полицейлер. Олардың тіпті, бұған дейін де бағалы металды ұрлауға оқталғандары белгілі болған.

Айта кетейік, 2 наурыз күні «Қазақалтын» акционерлік қоғамының Шортанды ауданында орналасқан кен орнында 7 келіден астам алтынды ұрланған болатын.

Ерлан Қасым, облыстық ПД басшысының орынбасары:

– Айғақтық заттар күдіктілердің бірінің туысының үйінен табылды. Күдіктілер сол кәсіпорында жұмыс істейтін боп шықты. Олар қазір үйқамақта отыр. Себебі осыған дейін істі болмаған соң осындай шара қолданылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.