ШҚО-да мың адамға эвакуациялық орын дайындалды

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында өткен қыста 10 жылдан бері болмаған қар жауыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таулы өңірлерде ақ ұлпаның қалыңдығы бір жарым метрге, жазықта бір метрге жеткен. Етектегі қар толық еріп, су тасқынының бірінші толқыны қалыпты жағдайда өтіпті. Енді таудағы қар мамыр айында көл-көсір суға айналады деген болжам бар. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу үшін қам жасалып, резервтен 30 миллион теңге қарастырылған. Барлық елді мекендердегі су бөгеттері бақылауға алынған. Ал сыйымдылығы 72 миллион текшеметр болатын Үйдене су қоймасында қазір 22 миллион текшеметр су жиналыпты.

Серік Тілемісов, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

- Бірінші толқынын өткіздік, ешқандай қауіп болған жоқ. Төтенше жағдай орын алған жоқ, су басқан жерлер болмады. 153 су өткізгіш құбыры және 7 көпір бар. Олардың барлығы күнделікті бақылауда, барлығы толығымен тазаланып, 100% су келуіне әзір. Қазіргі таңда 2 мекеме 500 орыннан, яғни мың орынға эвакуациялық пункттер әзірленген. Су тасқыны келген жағдайда арнайы орындарға орналастырылады.