Каратиндік шектеулерді бұзушылықтарды анықтау және оларға жол бермеу жөніндегі мобильді топтар күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.
Елордада ескертулерге қарамастан кәсіпкерлік субъектілерінің карантин режимін бұзуы күн сайын тіркеледі. Кейбір мекемелер мұны жүйелі түрде жасайды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
2021 жылдың басынан бері аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 87 207 029 теңгеге 383 жеке, заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Әкімшілік жауапкершілікке бірнеше рет тартылғанына қарамастан тиісті талаптарды елемеген және орындамаған 47 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 52 материал жіберілді.
Сот барлығы 28 нысанның қызметін тоқтатты және 5 954 770 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салды. Өткен тәулікте мобильді топтар қалада карантинді бұзған 3 кәсіпкерлік субъектісін анықтады.
Еске сала кетейік, елорда 10 наурыздан бастап эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан. Дәрігерлер қаладағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінен карантин режимін қатаң сақтау талап етіледі.