Атырау облысында жаппай вакцина салу басталды

Атырауда коронавирус инфекциясына қарсы жаппай егу басталды. 1 ақпаннан бері мұнайлы өңірге «Спутник V» вакцинасының 7200 дозасы жеткізілген.

Қазір 4 мың бір жүзден астамы салынды. Алғашында дәрігерлер, полиция, мұғалімдер алған еді. Енді тұрғындарға екпе салына бастады. Облыстағы 22 емдеу орыны жанынан екпе орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр. Қаладағы емханаларда вакцинаға кезек күткендер қарасы қалың. Сондықтан екпе орындарын көбейту жоспарда бар. Шілде айына дейін 60 мыңнан астам доза егілуі тиіс. Вахталық әдіспен еңбек ететін мұнай компанияларында екпе арнайы әзірленген орындарда егіліп жатыр. Соған қарамастан Атырауда эпидемиологиялық ахуал күрделі. Өткен демалыс күндері тәулігіне 105-110 науқас тіркеліпті. Оның 60-70 проценті қала тұрғындары.

Мәдениет Танауов, облыстың бас санитариялық дәрігері:

- Екпе жұмыстары Атырау қаласынан өзге барлық аудан орталықтарында да жүріп жатыр. Сондай-ақ Теңіз, Қашаған кен орындарында егу шарасы жүйелі жолға қойылды. Мұны жұмыс беруші компаниялар арқылы ұйымдастырып жатырмыз. Екпе жұмыстары ерікті түрде жүргізіледі. Бірақ оның мән-маңызын біз әрбір адамға түсіндіруіміз керек.  Себебі қазір жағдай аса күрделі болып барады.