Қызылордада мұғалімдер вакцина салдырып жатыр

Қызылордада 22 мыңдай мұғалімнің 10 процентке жуығы коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Қалған педагогтар ресейлік вакцинаның келесі партиясын күтіп жүр. Оқу жылының 4-тоқсанында облыс мектептері дәстүрлі білім беруге көшті. Сондықтан ұстаздар мен балабақша тәрбиешілерін толықтай «Спутник ВИ» екпесімен қамту оқу процесінің қалыпты жүруіне әсер етеді дейді мамандар.

Бастауыш сынып мұғалімі Ирина Ахметханқызы алғашқылардың бірі болып вакцина салдырды. Қос компоненттік доза қабылдаған ұстаз өзін сергек сезінетіндігін айтады. Сақтықа қорлық жоқ деп көпшілік ортада бетпердені әлі тастамай жүр. Ал Майра Ермаханова «Спутник Ви»-дің алғашқы компонентін еккізді. 

Жағдайы қалыпты болғандықтан Майра сабағына үлгіру үшін мектебіне асықты. 3 аптадан соң емханаға қайта айналып соғуы тиіс.

Майра Ермаханова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Өз еркіммен, қалауыммен келдім. Ең алдымен денсаулық, қаншама баламен жұмыс жасаймын, жанұям бар, туған-туысқандарым бар. Сондықтан осы вакцина салдырып отырмын. Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Енді 2-бөліміне келемін.  

Вакциналау басталған уақыттан бері 7 мыңнан астам қызылордалық екпе салдырды. Оның ішінде кос компонентін қабылдағандар 3 мыңға таяу. Дәрігерлер олардың барлығын ұдайы бақылауда ұстап отыр.

Гүлнұр Ілиясова, эпидемиолог:

- 1-тур салғаннан кейін 45 күн, 2-тур салғаннан кейін 21-күнде организмде антитела қалыптасады. 2-этапты алып болғаннан кейін сертификат беріледі. Ол сертификат «EGOV» порталында тіркеледі. 

Ағымдағы жылдың 1 сәуірінде өңірге 12 мың вакцина жеткізілді. Енді он шақты күнде 24 мың доза әкелінуі тиіс. Сол кезде педагогтардың басым бөлігіне екпе егілетін болады.

Авторлар: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов