433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-ның Зайсан ауданы сегіз жылдан бері газбен толық қамтылмай келеді

  • 77
  • UPD: 19:57, 05.04.2021

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданын газбен қамту 8 жыл бұрын басталды. Бірақ әлі күнге халықтың жартысына жуығы көмір жағып, күл шығаруға мәжбүр. Жергілікті билік қаржыландыру мәселесі шешілсе, биыл 8 елді мекенде газ құбыры тартылатынын айтады. Ал көрші аудандарға көгілдір отын қашан келетіні әлі белгісіз.

Кеңсай ауылына көгілдір отын осыдан 3 жыл бұрын тартылған. Содан бері тұрғындар өткен қиыншылықтарды ұмытып, өркениет игілігіне тез үйреніп кетті. Айтбану апайдың да бұрынғы ескі пеші қазір гүл қоятын орынға айналған.

«Үй іші тап-таза, бұрынғыдай түтінге тұншығып күл тазаламаймыз», - дейді зейнеткер.

Айтбану Қариева, Кеңсай ауылының тұрғыны:

- Бұрын қиналып жүргенбіз, көмір түсіріп, күл шығарамыз. Көмір тасу да оңай емес. Бір шелек көмір 10 келі болады. Оның өзін беліміз ауырып тасимыз. Ол күлді 5-6 шелек тасисың, ол 10 келіден 60 келі. Одан оны қайтадан шығару керек. Әлгі күлді қайта шығарасың, ол 60 келі, 120 келіні күнде тасу енді оңай емес. Одан да көп жағатын күндеріміз болатын. Енді қазір газ келгелі рахатқа батып отырмыз, осы газдың рахатын көріп жатырмыз.

Алайда аудан тұрғындарының бәрі Айтбану апай сияқты рахатқа батып отырған жоқ. 8 жылдан бері халықтың тең жарымы ғана көгілдір отынмен қамтылған.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Көршілес Тарбағатай, Күршім, Үржар аудандарын газбен қамту мәселесі соңғы жылдары бірнеше рет көтерілгенімен өкінішке орай, әңгімеден әрі аспай тұр. Тіпті Зайсан ауданының өзі әлі толық көгілдір отынмен қамтылған жоқ. Кейбір ауылдар әлі күнге көмір жағып, күл шығарады.

Асмира Нұрмұханбетова, Шілікті ауылының тұрғыны:

- Іргемізде газ шығып жатыр міне. Бірнеше жыл болды Зайсан ауданының бәрін газбен қамтып жатыр. Соның қасында мына Шілікті ауылы бөлініп қалып отыр. Халық әлі күнге дейін осы газдың келуін тосып отыр. От жағамыз, көмір жағамыз, таңның атысы, кештің батысы үйімізді жылыту үшін. Енді қашан келетінін біз әлі білмейміз, бірақ әкімшілік уәде береді. Міне тартылады биылғы жылы енді деп жатыр.

Мыңнан астам тұрғыны бар Шілікті ауылы аудан орталығынан 60 шақырымда орналасқан. Осы бағыттағы Тасбастау, Жалши елді мекендері де жыл сайын игі өзгеріс бола ма деген үмітпен отыр. 

Ермек Мұқанов, Зайсан аудандық ТҮКШ, АЖ және ЖК бөлімі басшысының м. а.:

- Орташа есеппен 52 процент аудан бойынша газбен қамтамасыз етіліп отыр. Шілікті, Тасбастау, Жалши ауылдарына газ тарту, ол жеткізу құбырымен ауылішілік құбырлары бір жобамен жасалынған және жоба құны 2 миллиард 400 миллион теңгені құрап отыр. Мемлекеттік сараптамадан оң бағасымен шықты. 2022 жылы басталады деген жоспар бар. 

Биыл республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландыру мәселесі шешілсе 8 ауылдың іргесіне келіп тұрған газды әрбір үйге жеткізу жобасы жүзеге аспақ. Ал көршілес аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту газ қорының көлеміне байланысты болмақ. 

Ермек Мұқанов, Зайсан аудандық ТҮКШ, АЖ және ЖК бөлімі басшысының м. а.:

- Үкіметтік комиссия құрылған Сарыбұлақ кен орнындағы газ қорын анықтауға, ол газ қорын анықталғаннан кейін ғана барып, көршілес аудандарға және Зайсанды толығымен газбен қамтамасыз етуге жұмыстар жүргізілетін болады.

Үкіметтік комиссия жұмысы нақты қашан аяқталып, газ қоры туралы мәлімет қашан дайын болатыны белгісіз. Сондықтан көрші аудандарға әзірге көгілдір отын елес болып қала бермек.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы