Түркістан облысында су арналары тазартылып жатыр

Биыл Түркістан облысының Сайрам ауданында ұзындығы 70 шақырымнан асатын бірнеше канал механикалық тазалаудан өтеді. Мамандар соның нәтижесінде мың гектардан астам егістік алқаптың суғару қабілеті жақсаратынын айтады. Ауданда қанша су арнасы бар? Олардың су өткізу қабілеті қандай деңгейде? Биыл диқандар судан тапшылық көрмей ме?

Сайрам оңтүстіктегі шөбі шүйгін, топырағы құнарлы аудандардың бірі. Халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Мұнда егін шаруашылығынан бөлек мал азықтық және бақша дақылдары да өсіріледі. Алайда халқы тығыз, жер аз болғандықтан ағын су мәселесі өзекті. Еркін Әдіханов Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбай ауылының биі. Жер емген шаруа арнайы техника болмаса, каналдарды қолмен тазалау мүмкін емес екенін айтады. Бірақ биыл «Ауыл – ел тірегі» 10 күндік іс-шарасы аясында бірнеше жылдан бері тазаланбаған арықтардың табаны экскаватордың көмегімен ретке келтірілуде.

Еркін Әдіханов, Ақбай елді мекенінің биі:

- Трактормен каналдардың бәрін тазалап жатыр. Қанша жылдан бері тазаланбаған ғой. Трактормен тазалап жақсы болып қалды.

– Тазалағаннан кейін мұның сіздерге әсері бола ма?

– Тазалаған жақсы ғой, су жақсы келеді. Қоқыстың бәрін шығарып жатыр. Биыл «он күндік» аясында жақсы жәрдем беріп жатыр. Жақсы жұмыстар жүріп жатыр ауылда. Енді шаруаларға су жететін болады. Ауылдың бәрі диқаншылықпен айналысады. Су болмаса болмайды. 

Сайрам ауданы аумағын ағын сумен қамтамасыз ететін 53 канал бар. Оның 6-ы жеке меншікке тиесілі болса, қалған 47-сі ауданның коммуналдық меншігінде. Олардың жалпы ұзындығы 362 шақырым құрайды. Соның ішінде ұзындығы 58 шақырым болатын 7 канал бетондалған. Қалған 305 шақырымды құрайтын 40 канал механикалық тазалауды қажет етеді. Ал күрделі жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы керек. Көктемнің әр күні жылға азық болғандықтан оны күтетін шаруалардың уақыты жоқ. Енді не істемек керек? Аудан басшылығы бұл тығырықтан да шығудың жолын тапқан сияқты. 

Ұласбек Сәдібеков, Сайрам ауданының әкімі:

- Осыған байланысты біз былтыр 2 экскаватор алып, механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ағын су мәселесі Қарасу ауылында ғана емес, ауданда да, тіпті облыс көлемінде де проблема болады. Себебі біз жауын-шашынға қарап отырамыз. Таудан келетін суға тәуелдіміз. Біздің жерлеріміз, шаруашылықтың жерлері үлкен емес. 3 гектар, 5 гектар, ары кетсе 10 гектар. Осыған байланысты біз қазір тамшылатып суаруға көшіп жатырмыз біртіндеп. Соның тиімділігін көріп жатырмыз. Былтырдан бастап, біз бұған кірістік, биыл да алдымызда жоспарларымыз бар.

Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару әдісі өңір шаруаларын ағын суға тәуелділіктен құрқарудың бір жолы. Сондықтан сайрамдық диқандар былтырдан бастап үйіргелік жерлерді тиімді игеру арқылы жылына 2-3 өнім алуды қолға алды. Алайда бұл каналдардың енді қажеті жоқ деген сөз емес.

Мәселен, өткен жылы ауданда ұзындығы 80 шақырым болатын бірнеше арық тазаланған. Мамандар соның нәтижесінде 1371 гектар жердің суару қабілеті жақсарғанын айтады. Биыл да ұзындығы 70 шақырымнан асатын бірнеше канал қоқыстан тазартылады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Түркістан облысында 87 магистральді және 1800-ге жуық шаруашылық канал бар. Олардың жартысына жуығы жөндеуді қажет етеді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы