433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің Әскери-әуе күштерінің екі ұшағы күрделі жөндеуден өтіп келді

  • 172
  • UPD: 22:45, 05.04.2021

Еліміздің Әскери-әуе күштері қайта жаңғыртудан өткен ұшақтармен толықты. Қазір Балқаш қаласында L-39 ұшағының қатысуымен оқу-жаттығу жүріп жатыр. Әзірге Прагадағы «Эйеро» (Aero) авиациялық зауытынан күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылған 2 әуе кемесі жеткізілді. 

L-39 Альбатрос әлемдегі басқаруға ыңғайлы, сенімді ұшақтардың бірі. Қазақстандық әскери ұшқыштардың да бұл әуе кемесі жайында пікірі оң. Себебі олардың көбі осымен ұшып үйренген. Варшава шарты бойынша L-39 ұшқыштар құрамын оқытуға арналған. Бұл техника кезінде Чехословакияда құрастырылған. Өндіріс 2000 жылдарға дейін жалғасып, 3 мыңға жуық ұшақ шығарылды. Кейін чехиялық «Аэро» компаниясы НАТО стандарттарына сәйкес, L-39 ды шығаруға көшкен. Қазір бірнеше елде осы ұшақтың авиациялық паркін техникалық тұрғыдан қолдау және жаңарту шаралары әлі жалғасып келеді. 

Балқаш қаласындағы Оқу-авиация орталығында курсанттар ұшу тәжірибесінен өтеді. Ондағы L-39 әуе кемесін жаңарту мәселесінің туындағанына біраз болған. Әзірге қорғаныс министрлігі техниканы тереңдетіп жаңғыртуды  қолға алып отыр. Болашақта жаңасы алынып жатса тіптен құба-құп. Ал ескі ұшақтар күрделі жөндеуден өткеннен кейін жаңа кейіпке енді. Оған жаңа сандық авионика, катапульт, байланыс және объективті басқару жүйелері орнатылды. Қозғалтқышы түгелдей қайта жасалды. Ескі ұшақтан тек планер ғана қалды.

Азамат Асанов, штаб басшысы, бөлім командирінің орынбасары:

- Бірінші ұшудан кейін-ақ көп өзгерісті байқадық.  Эргономикасы өзгерген.  Бұл біз үшін өте ыңғайлы. Жалпы барлық жағынан қолайлы. 

Бүгінгі күні техниканы авиазаводтан қабылдап алу жұмыстары жүріп жатыр. Оқу-жаттығуды қазақстандық нұсқаушылар мен чех ұшқыштары бірлесіп орындайды. Осы  айдың соңына қарай L-39 ұшақтары біздің әскерилерге  толығымен беріледі. Ал маусым айынан бастап, курсанттар дайындықты бастайды. Жаңа элементтер базасы жас ұшқыштарға күрделі және заманауи техникаларды  қиындықсыз игеруіне  мүмкіндік бермек. 

Әлім Ибраев, әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары

- Бүгінгі күні Қарулы Күштерде қайта жарақтандыру  бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.  Әуе күштеріне келетін болсақ, әуе паркінің 50 проценттен астамы қайта жабдықталды. Жаңа техника ұшқыштарды  даярлаудың жоғары деңгейіне өтуімізге септігін тигізіп, әуе қорғанысы күштерінің дайындығы бұдан да жақсара түспек. 

Қорғаныс министрлігі жыл соңына дейін өз қарамағындағы L-39 ұшақтарының сегізін Чехияда толық модернизациялауды жоспарлап отыр. Әскери-әуе күштерін қайта қаруландыру  бағдарламасы еліміздегі осы санатқа кіретін  барлық  ұшақты жаңартуды көздейді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Радик Джакупов

Хабар 24 телеарнасы