Оралда су басу қаупіне байланысты жаңадан салынған жолды жыруға тура келді

Оралда жеке үйлерді су басу қаупі туындаған соң жуырда ғана салынған жолды қайта жыруға тура келді.

Еріген қар суын ағызып жіберу үшін Сарытау шағын ауданындағы көлік жолының астына құбыр төселді. Енді мердігер мекеме жолды қайтадан жөндеуі тиіс. Жалпы, облыстағы елдімекендерден миллион текше метрге жуық қар шығарылып, 11 мың текше метрдей су сорылды.

Құтқарушылардың айтуынша, қазір аймақта тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ.

Мүгілсім Рахметова, қала тұрғыны:

- Сарытаудан көп кісі шықты көмектесеміз, жырамыз деп. Әуелден салғанда екі жағына бірдей салмай ма құбырды. Саман үй, ертең құлайды.

Бақытжан Ихсанов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Облыс бойынша оңтүстікте орналасқан аудандарда қар мүлде жоқ. Әр жерде далада қар жатыр. Енді солтүстік аудандарда әлі қар жатыр атап айтқанда Шыңғырлау, Тасқала, Бәйтерек, Сырым аудандары. Сол аудандарда қар шығару, су сору жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен жүргізіліп жатыр. Шаған, Деркөл өзендерінде солтүстік аудандарда мұз әлі еріген жоқ.