425,02 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жаңақорған ауданындағы электр желілерінің 70%-і тозған

  • 285
  • UPD: 08:52, 06.04.2021

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы электр желілерінің 70%-і тозған, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Күн бұзылса болды, жарықсыз қаламыз», деп налиды жергілікті тұрғындар. Жел соқса жарық сөніп қала ма деп алаңдайтын жұрт арна тілшісіне сыр ақтарды.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл – Жаңақорған ауданының орталығындағы Шоқан Уалиханов көшесі. «Ауа райы құбылса, жарығымыз жалпы етіп өшеді. Тұрмысық техникаларамызды тоққа қосуға қорқамыз. Көгілдір отын мен интернет желісінің құрылғылары да электр энергиясы болмаса іске аспайды», - дейді тұрғындар.

Меруерт Елемесова, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

- Желілердің бәрі ескі, көріп тұрсыздар. Бағаналардың бәрін өзгертіп берсе, сымдары да ескі. Сосын жеке бізге трансформаторын қойып берсе.

Жаңақорған ауданының аумағы жыл өте ұлғайып, жаңа көшелер мен мөлтек аудандар пайда бола бастаған. Нәтижесінде осыдан ондаған жыл бұрын орнатылған трансформаторларға күш түсіп, жарық беруде іркілістер пайда болады екен. Шығыны да аз емес.

Қайрат Сапарбаев, Жаңақорған аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Энергияны жоғалту шығындары бүгінгі таңда 10-12%-ті құрайды. Ал енді осындай апаттық жағдайлар орын алған жағдайда 15-16%-ке дейін шығындар көтеріліп кетеді да, ол да бізге ауқымды жұмыстарды шешімдерді дер кезінде қабылдап,осы тығырықтан шығу шешімдерін қарастыру міндеттеріміз бар.

Мамандар Жаңақорған ауданы бойынша электр желілерінің 70%-інің тозығы жеткенін айтады. Оны шешу үшін құны 3,5 млрд теңге болатын жоба дайындалыпты. Алайда қаржы қол байлау.

Ерділда Сұлтанбек, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл енді үлкен жоба, оны бірден қаржыландыру қиындау болғандықтан. Оның ішінен апатты деген аймақтарды алып шықтық. Соны қайтадан жобалық сметасын дайындадық. 530 млн теңге болды ол. Мемлекеттік сараптамадан өткізілді қазіргі таңда.

Дегенмен, аудандық бюджеттен де қаржы бөлініп, соңғы 2 жылдың көлемінде 20-дай трансформатор жаңаланыпты. Соның арқасында ішінара мәселелер шешімін тапқан. Алайда жел үп етсе, жарықтың жалп ете қалмасы үшін мамандар айтқан жоба түбегейлі жүзеге асуы тиіс.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы