430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Министр сенімді ақтай ала ма?

  • 122
  • UPD: 17:19, 06.04.2021

Биыл күзге дейін елімізде 10 млн адам вакцина қабылдауы керек.

Үкімет басшысы Асқар Мамин министрге осындай тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл дегеніміз, ай сайын 2 млн тұрғынға екпе салу керек деген сөз. Бірақ Алексей Цой басқарып отырған ведомство бұл тапсырманы орындай ала ма?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Президент өткен аптада ғана министрлерді бір сілкіп алған. Екпе салу қарқынын үдетпесеңдер, қызметтеріңмен қош айтысасыңдар деп сес көрсетіп еді. Мұндайда басшы біткен қолды-аяққа тұрмай, тыпыршып әрекет ететін еді. Бірақ Денсаулық сақтау министрі тым салмақты. Осы айда вакцинаның 2 млн дозасы елге келеді деп сенімді сөйледі.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін сәуір айында елге 2 млн доза екпе жеткізуді жоспарлап отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласына 284 мың доза, Алматы қаласына 464 мың доза, ал Шымкент қаласына 172 мың доза вакцина жеткізіледі.

Президент пәрмен берген соң министр вакцина көлемін ұлғайту керек еді. Бірақ Алексей Цой керісінше, азайтып жатқанға ұқсайды. Өткен аптада ғана Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елге 2,5 млн доза вакцина алып келеміз деп жұртқа есеп берген. Сол сөзін қазақшаға аудармай, қаз-қалпында беруді ұйғардық.

Ал бүгін 2 млн доза келеді деп түк болмағандай көсіліп отыр. Сонда министрдің қай сөзіне сенеміз?! Әлгінде Алматыға барған сапарында Қытайдан қосымша екпе алдырамыз деп айтқаны тағы бар. Ол кезде тіпті 3 млн доза келеді деп сендіріп еді. Ал қазір оның тек жоспар болғанын, тараптар келіссөз жүргізіп көргенін біліп отырмыз. Үкіметтің бүгінгі отырысында министр жаздың ортасына дейін ұзын-ырғасы 6 млн доза екпе алдырамыз деп айда аспанға бірақ шығарғандай болды.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Вакцина өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алғашқы жартыжылдықта елге 6 млн доза екпе келеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл – екпе салдыруға мүмкіндігі бар адамдардың 64%-і.

Қайткен күнде де министрдің жаңылысып қалуы мүмкін емес. Бірақ бір нәрсені бұғып қалғаны, бүгіп жатқаны білінді бізге. Ақпарат таратуда ашықтық болмай тұр. Содан кейін елге екі түрлі мәлімет беріліп жатады. Бір адамның ғана емес, бүкіл ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрған шақта мұндайға жол бермесе керек-ті.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы