Қостанай облысында жеті ауыл қауіпті аумақта тұр

Қостанай облысында су тасып, жұртты әбігерге салған 2016-2017 жылғы жағдай қайталануы мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы осындай болжам айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол жылғы тасқын кезінде өңірдегі жүзден астам үйді су басқан еді. Қазіргі тоң қабатының қалыңдығы мен ылғал мөлшері қатер тудырып отыр. Мысалы Қарабалық ауданында 7 ауыл қауіпті аумақта тұр. Олардың барлығы Тоғызақ өзенінің бойында орналасқан. Егер табиғи апат туындай қалса, 41 үйге су кіруі мүмкін. Бұл ауданда қызыл судың алдын алудағы тағы бір қиындық – өзен мұзын жаруға болмайды. Өйткені шекараға таяу орналасқандықтан, жарылғыш зат қолдануға тыйым салынған. Ал Приречный ауылының маңындағы өзен иірімі ең қауіпті тұс.

Ерден Нұржанұлы, Қарабалық аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

- Қатты ағыс кезінде әдетте сол жерде мұз кептелісі болады. Жолы бітелгесін, су ауылға жайылады. Ондай жағдайға ұрынбас үшін біз мұзды арамен кесіп, ойып, ұсатамыз.

Ерболат Қисықов, Қарабалық аудандық түкш бөлімінің басшысы:

- Аудан аумағындағы жол бойында су өткізгіш 79 құбыр бар. Солардың барлығы толық тазартылды. Сондай-ақ елді мекендерден 9411 текше метр қар шығарылды.