Қарағандыда қоғамдық көліктің дөңгелегін тесіп кеткен күдікті ұсталды

Қарағанды полициясы қоғамдық көліктің дөңгелегін тесіп кеткен күдіктіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

18 наурызда Қарағанды қаласы Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің кезекші бөліміне белгісіз біреу маршруттық автобустың алдыңғы оң жақ дөңгелегін пышақпен зақымдап кеткені туралы хабарлама түсті. Автобус жолаушыларын басқа автобусқа ауыстыруға тура келді. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жүргізуші мен кондуктордан сұрастыра отырып, жолаушымен арада жанжал болғанын анықтады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, 32 жастағы қала тұрғынын ұстады. Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлімі (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.