Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы әскери емханалар уақытша стационарға ауыстырылды

Елордадағы бас әскери клиникалық госпиталь мен Алматыдағы әскери клиникалық емхана жұқпалы аурулар стационарына уақытша ауыстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы медициналық мекемелер жалпы 300 орынға шақталған. Жатын орындарымен қатар жан сақтау, зертханалық және диагностикалық бөлімдер де бар. Медициналық қызметкерлер арнайы даярлықтан өтті. Қорғаныш заттармен қамтамасыз етілді. Бұл алдын алу шарасы қос мегаполистегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қабылданып отыр.

Берік Ілиясов, ҚР қарулы күштері бас басқармасы бастығының орынбасары:

– Алматы қаласының әскери клиникалық госпиталіне науқастарды қабылдау 5 сәуірде басталды. Қазіргі уақытта онда 30 пациент ем қабылдап жатыр. Ал елордадағы стационарда науқастарды қабылдау бүгін басталады.