Атырау облысында журналистер вакцина салдыра бастады

Алғашқы күні 30-ға жуық тілші екпеге ерікті түрде өтініш білдірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асланбек Шығыр, тілші:

– Атыраулық журналистердің арасында алғашқылардың бірі болып вакцина салдыруға Еркінқала емханасына келдік. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін маман иесі болғаннан кейін, өзімізге, өзіміздің айналамызға зиян келтірмеу мақсатында екпе салу дұрыс деп шештік.

Еркінқала дәрігерлік амбулаториясына өңірдегі 30-ға жуық журналист келіп, ерікті түрде екпе салдырды. Сондай-ақ аудандардағы тілшілер арасында да вакцина салдыруға өтініш білдіргендер де бар. «Спутник-V» вакцинасының бірінші компонентін алған журналистердің қазір жағдайы қалыпты. Ешқандай жанама әсері байқалмайды.

Дәурен Мақым, журналист:

Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ешқандай кері әсері жоқ. Басым да айналып тұрған жоқ. Өзінің Отан алдындағы, отбасы алдындағы, қоғам алдындағы, жалпы өзге адамдар алдындағы жауапкершілігін сезіне алатын әрбір азамат бұл вакцинаны қабылдау керек деп есептеймін.

Мұнайлы өңірде бір тәулік ішінде 765 тұрғын коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырған. Ал ақпан айынан бері 5 мыңға жуық атыраулық «Спутник-V» вакцинасының бірінші компонентін алыпты.

Еркін Сабыров, Еркінқала дәрігерлік амбулаториясының директоры:

– Жалпы біздер ақпан айынан бастап денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлерінен бастап қазір қарқынды вакцинация жүргізіп жатырмыз. Жалпы, вакцинацияның мақсаты – өзіміздің елімізде болып жатқан індетпен күрестің бірден-бір құралы.

Айта кетейік, соңғы тәулікте мұнайлы өңірде 64 адамның коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды. Ауру жұқтырғандардың 44-і облыс орталығынан анықталыпты. Ал 11 адам Теңіз кен орнында тіркелген. Ондағы инфекциялық стационарда 230-дан астам жұмысшы емделіп жатыр.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин