Су тасқынына байланысты 9 облыста республикалық жедел штаб құрылды

Өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында 1 тұрғын үйді және үй маңындағы 3 аумақты су басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігі хабарлады. Ведомствоның мәліметі бойынша республика бойынша жағдай тұрақты. Азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының іс-қимылын үйлестіру үшін 9 өңірде республикалық жедел штаб құрылды. Олар елорда мен Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, барлық аймақта су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.